1 желтоқсан - Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні мерекесі қарсаңында Ордабасы ауданының орталығында екі пәтерлі 14 тұрғын үй тапсырылды. Ордабасылықтарға баспананы тапсыру шарасына Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев қатысты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Аймақ басшысы аудан орталығы - Темірлан ауылында «Қолжетімді баспана - 2020» бағдарламасы аясында облыстық бюджет есебінен салынған тұрғын үйлердің кілтін жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға, кезекте тұрған әлеуметтік тұрмысы төмен отбасыларға табыстап, жаңа қоныс берекелі шаңыраққа айналуын тіледі.
«Барыс-Тассай» ЖШС үйлердің құрылысын мерзімінде аяқтап, пайдалануға беріп отыр. Ордабасы ауданында барлығы 30 коммуналдық тұрғын үй бар. Мұндағы әр үйдің шаршы метрінің жалдау құны - 50 теңге көлемінде белгіленген.
Айта кетейік, ауданда тұрғын үй кезегінде 243 адам тіркелген. Оларды баспанамен қамту мақсатында аудан әкімдігі коммуналды көпқабатты тұрғын үйлерді салу үшін тиісті жұмыстарды жүргізуде.
Осы күні облыс әкімі Төрткүл ауыл округіндегі Қарсыбай Спатаев ауылындағы ауыз су жүйесінің іске қосылу шарасына қатысып, ауыл тұрғындарының қуанышымен бөлісті.
Жаңа тартылған су құбырының ауыл халқы үшін орасан зор қуанышты оқиға екенін алға тартқан өңір басшысы, облыстағы елді мекендерді таза ауызсумен қамтамасыз ету облыстың даму бағытында атқарылатын жұмыстардың бастысы екенін жеткізді.
Мереке қарсаңында ауылдағы 136 отбасы, яғни 1600 тұрғын таза ауызсумен қамтылып отыр. Бұл нысанның құрылысын облыстық бюджет есебінен «Құрылыс-сервис-СК» ЖШС жүзеге асырып, пайдалануға берді. Жоба құрылысына 98 млн теңгеге жуық қаржы жұмсалды.
Жалпы аудан көлеміндегі 57 елді мекеннің бүгінгі таңға 39-ы құбырлы ауызсумен қамтылған. Яғни тұрғындардың 88,7 пайызы таза ауызсуға қол жеткізген. Алдағы 2020-2021 жылдары ауданды толық сапалы ауыз сумен қамту жұмыстарын аяқтау жоспарлануда.