Елбасы Н.Ə.Назарбаевтың "Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру" мақаласындағы "Туған жер" бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында ұйымдастырылған "Туған жер-алтын бесігім" облыстық фестивалі аясында Түлкібас ауданының Шымкент қаласындағы күндері өтті, деп хабарлайды «Ұлт ақпарат» аймақ басшысының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Оңтүстіктің шығыс қақпасы саналатын Түлкібас өңірі бір күн бойы Шырайлы Шымкент халқына өз өнерлерін паш етті. Фестивальде ауылшаруашылық жәрмеңкесі ұйымдастырылып, аудан шаруалары 45 тонна жеміс және бау шаруашылығы бойынша өнімдерін ұсынды. Оның ішінде ауданның брэнді болып табылатын алма бауына халықтан сұраныс көп болды.
Фестивальдің жалғасы облыстық Отырар кітапханасында жалғасып, «Туған жерге туын тіккен қаламгер» тақырыбында Түлкібас ауданынан шыққан ақын-жазушылармен кездесу өтті. Кездесуде жазушы –журналист М.Байғұт, сатира саңлағы А.Боранбаев сынды ақын -жазушылар өз шығармаларынан үзінділер оқып, оқырман сауалдарына жауап берді. Тұшымды ой айтты.
Фестивальде алаштың жоғын жоқтап, мұңын арқалаған қазақ халқының ұлы перзенті, қоғам және мемлекет қайраткері Т.Рысқұлов жайында фильм көрсетіліп, халқымыздың ұлттық салт-дәстүрін, әдеп –ғұрыптарынан көріністер көрсетіліп, аудан өнерпаздары өнердің бірқатар жанрлары бойынша өз өнерлерін көрсетті.
Фестивальде аудан әкімі Н.Тұрашбеков сөз сөйлеп, барша халықты фестивалды тамашалауға шақырды. Іс-шараға 1500-ге жуық көрермен қатысты.