12 шіл, 2017 сағат 09:44

Түлкібаста биыл 356 га жерге алма бау егілді

Түлкібас ауданында халықтың әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан дамуына тікелей әсер ететін негізгі салалар қарқын алып дамып келеді. Мәселен, агроөнеркәсіптік кешенді дамыту аясында ауданда өткен жылдан бері 24 ауыл шаруашылығы кооперативі құрылған. Сондай-ақ, Түлкібастың брэнді болып саналатын алма бау шаруашылығы жылдам қарқынмен дамып келеді. Ауданда қазіргі таңда 3077 га бау алқабы болса, оның ішінде қарқынды  бау көлемі 230 га. Белгіленген жоспарға сәйкес, ауданда биылғы жылы 356 га жерге алма бау егілсе, оның 115 гектары қарқынды бау. Мұнан бөлек, жыл басынан бері Түлкібаста 10-15 басқа арналған 251 бірлік шағын мал бордақылау алаңы мен 5-10 бастық 81 бірлік жанұялық сүт фермасы және 600 бастық шағын құс фермасы  ашылды.

Түлкібастағы туризмнің де кейінгі кездері кеңге қанат жаюы көңіл қуантады. Жыл басынан бері онда бірнеше демалыс орындары ашылған. Мысалы, аудандағы Керейт ауылында бір мезетте 1000 адамды қабылдауға шақталған отбасылық демалыс кешені ашылса, жақын күндері Жабағылы елді мекенінде 70 адамға шақталған «Жайлау» емдеу сауықтыру орталығы мен Халықаралық «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» жол бойынан жолаушыларға арналған сервистік қызмет көрсету орталығын ашылу жоспарлануда.

Ал «Нұрлы жер» тұрғын үй бағдарламасы бойынша берілген тапсырмалар биылдан іске асырыла бастайды. Түлкібас  ауданында бүгінгі таңда 1322 отбасы тұрғын үйге кезекке тіркелсе, оларды баспанамен қамтамасыз ету үшін 2018-2020 жылдары 3 елді мекенде - Түлкібас, Састөбе поселкелерінде және Т.Рысқұлов ауылында 1472 пәтерлі 28 тұрғын үй салу жоспарланып жатыр.