Сауль "Канело" Альварес (57-2-2, 39 КО) Геннадий Головкинмен трилогияда екінші айқастағы тактиканы қолданатынын мәлімдеді, деп хабарлайды Vesti.kz сайты Fightnews.info порталына сілтеме жасап.
"Головкинмен жекпе-жекті жиі көре бермеймін. Мен барлық айқастарымды қайталап көремін, бар болғаны сол. Екінші кездесуде ең жақсы геймплан болды. Трилогияда соны қолдану керек.
Трилогия екінші жекпе-жекке ұқсас өтеді, бірақ, өзімді күштірек сезінемін. Айырмашылық осыда. Головкин мықты, алайда, ол күштірек бола түсті ме білмеймін. Онымен жұдырықтасу керек, сосын айтамын. Ал жалпы, ол сол күйі ме, жоқ па, түкіргенім бар. Мен жақсылап дайындаламын. Ол күштірек болып келсе де бәрібір. Қазір ол менің қарсыласым және оны сабағым келеді", - дейді Сауль.
Еске салайық, Головкин мен "Канелоның" үшінші жекпе-жегі 17 қыркүйекте екінші орта салмақта өтеді. Кездесу Лас-Вегастағы (Невада, АҚШ) T-Mobile Arena-да болады. Алдыңғы екі жекпе-жек те осында өткен. Біріншісі кездесу даулы тең нәтижемен аяқталды, ал екіншіде төрешілердің шешімімен мексикалық жеңіске жетті.