Архив өркениетпен бірге пайда болды. Ол тарихи-мәдени ақпараттың тасымалдаушысы болып табылады. Ежелгі гректер ғылым мен мәдениеттің маңызды жетістіктері мен ұлы ойшылдардың өмірбаянын хатқа түсіріп отырған. Мұндай тарихи дәстүр көне қытай әулеттік патшалықтарда да болған. Архивтік канцелярия, құжаттардың болуы – кез келген қоғамның, мемлекеттің өркениеттілігін, мәдени-саяси даму сатысын көрсетіп, белгілейді. Архивтік істің даму деңгейі тарихи таным үдерісіне, процессіне әсер етеді, ал ол өз кезегінде қоғамдық сана мен пікірдің артуына әсер етіп, заманауи социум-әлеуметтің өзін-өзі тануына септігін тигізеді.
Мемлекет өз байлығынан, қазынасынан айырылуы мүмкін, тарихта ондай оқиғалар жиі орнап жатады, дегенмен, оның орнын жылдам арада толтыруға болады. Ал жоғалған архивтік құжаттардың орнын толтыру – әдетте, өте қиын, және көп жағдайда мүмкін емес. Сондықтанда архив – бұл көрнекті қоғам қайраткерлері қызметінің бірегей құжаттары, тарихи оқиғалардың айғақтары сақталынатын құнды дереккөз орны болып табылады.
Қоғам өз орнында тұрмайды, оған әсер ететін факторлар сан-алуан, сондықтан да оның тарихи жолын бағдарлау, түсіну өте қиын. Кез келген тарихи кезеңнің тарихын, оның даму логикасын түсіну үшін шынайы артефактілер мен дереккөздердің түпнұсқасы қажет. Адамзаттың тарихи тәжірибесімен, өткенімен жинақталған барлық мұралардан, рухани-моральдік құндылықтардан қол үзіп айырылып қалуға болмайды. Міне, дәл осы жерде, архивтің тарихи оқиғаларды, материалды және рухани мәдениет жетістіктерін, ұрпақтар арасындағы сабақтастықты және қоғамдық өмірдің әлеуметтің прогрессін ғылыми деңгейде тануы мен философиялық ой-електен өткізудің таптырмас құралы болып шығады.
Қазіргі таңда қоғамның ықыласына бөленген «Туған жер» бағдарламасы аталмыш мұраттардың жүзеге асырылуына өз үлесін қосатыны анық. Бұл игі бастама жоғары басшылықтан бастап, биліктің төменгі деңгейлеріне дейін қолдау ие болуда.
«Туған жер» бағдарламасында жергілікті аймақтық өлкетану мәселелеріне, оның ішінде музейлер мен архивтердің маңызы жайлы көп ойлар айтылған болатын. Осы жерде жергілік музейлер мен архив қызметшілерінің міндеттері еселене түсетіні анық. Ол келесі жайттармен байланысты. Бұл ең алдымен, жастардың мәдени-рухани сауаттылығымен байланысты орын алады. Жасыратыны жоқ, жастардың басым бөлігінде, олардың санасында түзу құндылықтар жүйесі құрылмаған, жастардың көбі отандық тарихқа, туған өлке тарихына немқұрайлы қарайды, немесе тарих жайлы білімдері мен мәліметтері таяз. Екіншіден, қоғамда күнделікті өмірде архив туралы жаңсақ пікірлер көп тараған; мысалға, кейбір адамдардың пікірінше архив - бұл пайдаланудан шыққан ескі құжаттар тапсырылатын сақтау қоймасы, орны. Немесе, керісінше, архивтер – бұл кіруге тек сирек адамдардың рұқсаты бар, құпия құжаттар сақталынған орын деген теріс пікірлер баршылық. Осындай пікірлер өлке тарихымен айналысам деген жастардың қызығушылығын жоятыны белгілі. Архив қызметкерлері, атап айтсақ тарихшы-архивистер осы келеңсіздіктермен күресуі тиіс.
«Туған жер» бағдарламасының басты мақсаты ұлт тарихын, отан тарихын қадірлеп, қастерлеп сыйлайтын жас ұрпақ тәрбиелеу. Архив қызметкерлері ғылыми ақпараттарды іздестірумен ғана айналыспай, сонымен қатар, өз мойнына тәрбиелік функцияны да алу қажет. Архивке келетін жастарды патриотизмге қалай баулуға болады, тарихқа деген қызығушылығын қалай арттыруға болады? Біздің ойымызша тұрғындарды, халықты, жастарды архивке тықпалап, мәжбүрлеп апарудың орнына, басқа қызықты жолдарын қарастырған жөн, мәселен, архив қызметкерлерінің мобильділігі осы жерде барынша ұтымды шешім болмақ. Архив қызметкерлері архив құжаттарын насихаттап, жастарды отансүйгіштікке баулы үшін, аталмыш материалдармен бірге мектеп, ЖОО қабырғаларына барып, дәрістер беріп, ашық сұқбаттық алаңдар құра алады.
Жоғарыда аталған жайттарды ескере отыра, архив қызметкерлерінің еңбектері мен жұмыстары «Туған жер» бағдарламасына барынша жұмылдырылуы тиіс. Сонымен қатар, тарихшы-архивистер өздерінің ғылыми ізденістерін де «Туған жер» бағдарламасының аясына бұруы тиіс. Қазіргі таңда елдімекендерде ауыл, өлке тарихына деген қызығушылық күн өткен сайын артуда. Архив жеке тектік қоры бойынша жинап алуға болатын материалдар да баршылық. Сондықтанда архивистер елдімекендерге құнды жәдігерлерді іздеп, ауыл, елдімекендерге де іздеу экспедицияларына да барған жөн.
Қазір қоғам 21 ғасыр – ақпарат, ақпараттандыру ғасырын бастан кешіруде. Бұл үдеріс қоғамның кез келген саласында орын алып, жаулап алған. Барлық құжаттар сандық технологияның өңдеуінен өтіп, электронды нұсқаға ауысуда. Сондықтанда жас мамандар, ғалымдар, зерттеушілер, архивистер осы өзгерістерді ескеріп, жаңалықтарға бейімделуі тиіс.
Қорыта келе, осы бірегей бағдарламаны жүзеге асыру барысында тарихшы-архивистер өздерін жан-жақты дамыған, әмбебап, жылдам шешім қабылдайтын, мобильді, талдау-сараптау қабылеттері жетік маман ретінде қалыптасуы тиіс. Заман талабы осындай.
Уәлиев Т.А.
Ақмола облысы мемлекеттік архиві
ақпараттық-ұйымдастыру бөлімінің архивисті