«Абыралы-Дегелең» қоғамдық қоры хабарсыз кеткен жауынгер есімін жаңғыртты.
Шығыс Қазақстан облысы Абыралы өңірі, Қайнар ауылында ұрпақ жадында жаңғырып тұратын тарихи маңызы зор оқиға болды. «Абыралы-Дегелең» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен Ұлы Отан соғысына осы Қайнар ауылынан аттанып хабарсыз кеткен жауынгер Рахымбаев Омардың Ресей Федерациясы, Карелия Республикасы, Лоухск ауданы, Кестеньги поселкесінде жерленген Бауырластар зиратынан топырағы жеткізілді.
Қайнар ауылында өткен салтанатты шараға Қазақстан Жазушылар Одағының хатшысы, филология ғылымдарының докторы, академик Бауыржан Жақып, Семей қаласы әкімінің орынбасары Надежда Шарова, Семей қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Амантай Доғалақов, жауынгер Рахымбаевтың туысы Кемерғазы Оспанов және Семей қалалық қорғаныс істері басқармасының бастығы Жәнібек Айтқожаұлы бастаған әскери оркестр мен сарбаздар тағы да басқа қадірлі қонақтар қатысты. Алдымен әскери оркестрдің қолдауымен бір қатарда бет түзеген мәртебелі меймандар, ауыл тұрғындары габбро тастан жасалған обелиск басына жиналды. Омар Рахымбаевқа арналған осынау ескерткіштің авторы - есімі семейліктерге жақсы таныс суретші Балтабек Орынбаев.
«Абыралы-Дегелең» қоғамдық қорының президенті, ШҚО мәслихатының депутаты, меценат Марат Құрманбай Карелия жерінен әкелінген топырақты обелиск басына салтанатты түрде қойды. Еліміздің әнұраны орындалып, жауынгердің ұрпақтары гүл шоғы мен жауынгердің каскасы мен ыдысын қойған соң, Қайнар ауылының имамы Т. Шағыров жауынгер рухына бағыштап құран оқыды. Шығыс әскери округінен келген сарбаздар залппен аспанға оқ атып, құрмет көрсетті.
Бұдан кейін шара Қайнар Мәдениет үйінің алдындағы «Ұлы Отан соғысына аттанған абыралылықтар» мемориалдық тақтаның алдында жалғасты. Жеңістің 65 жылдығы кезінде бой көтерген бұл тақта да «Абыралы-Дегелең» қоғамдық қорының президенті Марат Серікжанұлының ұйытқы болуымен орнатылып, оған 1500 майдангердің есімі жазылғанын атап өткен жөн.
Марат Құрманбай, ШҚО мәслихатының депутаты, «Абыралы-Дегелең» қоғамдық қорының президенті:
-Біз бүгін ұрпаққа өнеге болып қалатын үлкен істің куәсі болып отырмыз. Ұлы Отан соғысында қаза тапқан аталарымыздың есімін жаңғыртып, олар туралы деректерді анықтау бәрімізге ортақ парыз. Осы Абыралы өңірінен, Қайнар ауылынан майданға аттанған боздақтардың 80 пайызға жуығының қай жерден мәңгілікке орын тапқаны әлі күнге дейін белгісіз. Соған қарамастан біздің қор оларды табуға қолдан келгенше ат салысып келеді. Өйткені, аталарымыз әкелген Жеңіс даңқы қашан да өміршең. Міне, бүгін хабарсыз кеткен жерлесіміз Рахымбаев Омардың Карелия Республикасы, Лоухск ауданы, Кестеньги ауылында жерленген Бауырластар зиратынан аты-жөнін анықтап, 6 мың шақырым жерден топырағын жеткіздік. Осы жұмыстың ойдағыдай атқарылуына сүбелі үлесін қосқан «Абыралы-Дегелең» қоғамдық қорының құрылтайшы азаматтарына үлкен алғысымды айтамын.
Реті келгенде айта кетейік, бұл сапардың жүзеге асуына «Абыралы-Дегелең» қоғамдық қорының президенті, Шығыс Қазақстан облыстық мәслихатының депутаты, меценат М. Құрманбай ұйытқы болып, сондай-ақ Н.Қайырбеков, А. Ширияев, С. Серікқалиұлы, Е. Сағындықов, С. Медеуов сияқты қор құрылтайшылары мен іскер азаматтардың бірлесіп қолдау көрсеткен еді. Ал арада 73 жыл өткенде табылған жауынгер есімін туған жерінде жаңғыртып, Омар Рахымбаевтың жиен немересі Нұр Жайлаубайұлын ертіп, Карелияға барып келген Нұрғазы Қабенұлының азаматтығы да халық көңілін ризашылыққа бөлері сөзсіз.
Нұрғазы Қайырбеков, Семей қалалық мәслихатының депутаты:
-Карелия Республикасының Кестеньги ауылындағы Бауырластар зиратына жерленген 153 адамның кімдер екені, қайдан келгені өздері жазып енгізіп қойған китель қалтасынан алынған гильзадан анықталып отыр. Соның ішінде алты жауынгердің қағазы жақсы сақталып қалыпты. Рахымбаев Омар сол алтаудың бірі. Жауынгер жерлесіміз Финляндиямен шекаралас осы жердегі темір жол бойын жаудан қорғау үшін 186 атқыштар дивизиясының сапында СС әскеріне қарсы соғысқан.
1902 жылы Абыралы өңірінде дүниеге келген Омар Рахымбаев Қайнар ауылынан 1941 жылдың қараша айында Отан қорғауға аттанған. Москва мен Мурманск облысын жалғап тұрған Карелия аумағы Кеңес Одағының маңызды нысандарының бірі болды. Сол себептен Кестеньги поселкесін жаудан азат ету операциясын жүргізді. Алайда, неміс фашистеріне қарсы шабуыл сәтсіз аяқталып, кеңестік көптеген сарбаздар қаза тапты, хабарсыз кеткендері де аз емес. Бейбіт күн туған шақтан басталған іздеу отрядының жұмыстары әлі күнге дейін жалғасып келеді. Бүгінде Кестеньги ауылындағы Бауырластар зиратында кімдер жерленгенін анықтау жүзеге асу үстінде. Көңіл толқытып, жан тебірентіп қазақ жауынгерінің есімі де 73 жылдан кейін қайта жаңғырып, Қайнар жеріне ерекше рух сыйлады. Осы сәтте:
Қайнарым, сенсің мені шабытты еткен,
Жаңбырың беттен сүйді жауып көктен.
Мен бүгін іздеп келдім атқа мінген,
Іздерін ата-бабам салып кеткен,-деп жырлаған Бауыржан Жақыптың өлеңі де тарихи сәтте толқыған жұрттың тамырын тап басқаны сөзсіз.
«Абыралы Дегелең» қоғамдық қорының президенті М. Құрманбай Кестеньгиден табылған О.Рахымбаевтың аты жөні жазылған қағаз бен сол қағаз сақталып қалған оқ гильзасы мен Бауырластар зиратынан топырақ бұйырған жауынгердің шынында да сол адам екендігін растайтын сараптамалық қорытындыны Омар Рахымбаевтың қызы Күләш анамызға табыс етті.
Шара соңында арнайы Құран хатым түсіріліп, майдангер рухына бағышталған ас берілді.
Сәтжан Қасымжанұлы,
Шығыс Қазақстан облысы
Ұлт порталы