14 нау, 2019 сағат 13:55

Туберкулезге қарсы күреске 48 млрд теңгеге жуық қаржы бөлінді

Жыл сайын 24 наурызда әлемде Дүниежүзілік туберкулезге қарсы күрес күні атап өтіледі. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мұрындық болуымен өтетін дәстүрлі шара биыл «Туберкулезді жою, сырқаттарды ТОЛЫҚ ЕМДЕП ЖАЗУ» деген ұранмен өтпек (Find. Treat. All. #EndTB»).

Қазақстанда туберкулез тегін емделеді. Туберкулездің алдын алу, анықтау мен емдеу кепілдендірілген тегін медициналық көмек шеңберінде жүргізіледі.  2019 жылы аталған дертке шалдыққан азаматтарды емдеу мен әлеуметтік көмек көрсетуге мемлекеттік бюджеттен  47,7 млрд теңге бөлінді.

Ресми статистикаға сүйенсек, 2018 жылы Қазақстанда 35 мың 181 пациент диспансерлік есепте тұрған болатын (оның 14 мың 874-і туберкулездің белсенді түрімен ауыратындар). Оның ішінде 8 мың 942 адам пациенттер қатарына жаңадан қосылғандар. Пациенттердің басым бөлігі Түркістан облысы мен Шымкент қаласында (3604), Алматы облысында (3311), Шығыс Қазақстан (2860) және Қызылорда (2495) облыстарында тұрады. 

Дер кезінде анықталып, тиісті ем-дом жасалса туберкулезді толық емдеп жазуға болады. Сондықтан ауруды асқындырмай, емдеуші дәрігердің нұсқауларын орындаудың маңызы зор. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, 2000 және 2016 жылдар аралығында туберкулезді ерте анықтау мен емдеу нәтижесінде әлем дәрігерлері 53 миллионнан астам адамның өмірін сақтап қалған.

Туберкулездің қарапайым түрін емдеуге шамамен 6 айға жуық уақыт кетеді. Қазақстанда бұл ауру интеграцияланған бақылау стратегиясы бойынша емделеді. Бақылаудың бұл түрі туберкулездің жабық түрімен ауыратын науқастардың емханада амбулаторлық ем қабылдауына мүмкіндік береді.

Туберкулездің алдын алу үшін емханада тұрақты тексеруден өтіп тұру қажет. Тексеру мен екпе егу кепілдендірілген медициналық көмек шеңберінде тегін жүргізіледі:

• БЦЖ вакцинасы – туғаннан кейін бірнеше күн ішінде салынады;

• 7 мен 14 жас аралығында БЦЖ-дан ревакцинация жасалады (екпе екпес бұрын – Манту сынамасын салып, организмнің реакциясын тексереді);

• флюорографиялық скрининг (ересектерге, жыл сайын);

• көрсетілімдер болса: рентгенография жасау.