Рекрутингтік компаниялардан бастап өндіріске дейінгі барлық салалар цифрлық революциядан шет қалмады. Осы ретте, бизнес майталмандары бұл күрделі өзгеріс жайлы өз ойларын ортаға салды.
«Reed» рекрутингтік компаниясының төрағасы Джеймс Рид бала кезде анасымен бірге банкте іш пыстырар кезекте жиі тұратынын еске алады. Ал, банкоматтардың пайда болуы жағдайды күрт өзгертті. Енді ұзын-сонар кезекте тұрмай-ақ, кез келген уақытта ақша алуға болады.
«Тез әрі тиімді жұмыс жасаудың өзіндік тәсілі барын білдім. Қалаған жерде және ыңғайлы уақытта жұмыс істеуді қалаған адамдар үшін интернеттің мінсіз құрал екенін жақсы түсіндім. Осылайша, Reed.co.uk сайты пайда болды», - дейді Джеймс Рид.
Reed.co.uk 1995 жылы Ұлыбританиядағы алғашқы рекрутингтік веб-сайт болды. Сөйтіп, бұл онлайн портал екі жыл ішінде өз саласында жетекші орынға шықты. Бастапқыда бұл сайт өздеріне қажетті мамандарды табу мақсатында құрылған болатын. Ал 2007 жылы дербес бизнеске айналды.
«Reed» компаниясы 1960 жылы құрылды. Оның негізін қалаушы – Алекс Рид.
Алекс Рид 26 жасында қолында бар небәрі 75 фунт стерлингпен туған қаласы Хаунслоуда алғашқы кеңсесін ашқан. Онлайн технологиялар «Reed» секілді дәстүрлі ірі компаниялардың жұмыс әдісін басқа арнаға бұрды.
«Онлайн технологиялардың арқасында біз бұрынғыдан да көп адамға қызмет көрсете алатын болдық. Сондай-ақ, маман таңдау процесі де жеделдей түсті. Нәтижесінде клиенттерімізге ұсынатын үміткерлердің саны артты. Және мұны бұрынғыдан әлдеқайда тез істейтін болдық»,- дейді Джеймс Рид.
IT саласы жетекшілері мен мамандарын бағалап, дәреже беретін «AXELOS» компаниясының атқарушы директоры Марк Башам цифрлық технологиялар соңғы жылдары бизнес үрдістері мен кәсіп жүргізу тәсілдерін қалай өзгертіп жатқанын тілге тиек етеді.
«Бұлтты қызметтер секілді технологиялардың дамуы және SaaS бағдарламалық жасақтамасының ХaaS қызметіне айналуы бизнеске үлкен әсер етті. Ал ұялы телефондарға арналған қосымшалар компаниялар мен тұтынушылар арасындағы қарым-қатынасты өзгертіп, қызмет көрсету жылдамдығын жаңа деңгейге көтерді. Нәтижесінде көптеген компанияда айтарлықтай өзгерістер болды», - дейді Марк Башам.
Ал, Джеймс Рид: «Бизнесті тиімді жүргізу үшін жаңа технологиялардан қалыс қалмау керек. Мәселен, біздің деректер жөніндегі мамандарымыз машинамен оқыту тәсілін қолданады. Сол кезде жұмыс іздеу нәтижелерінің дәлдігі артады. Сондай-ақ біз түйіндемені сұрыптау кезінде жасанды интеллектті қолдану бағытында да жұмыс істеп жатырмыз. Бұл әрбір түйіндемені жүйелі түрде бағалауға мүмкіндік береді», - деп атап өтті.
Жаңа технологиялар өнеркәсіптің кез келген түріне өзгеріс әкеледі. Соның бір мысалы – «Formica Group Europe» компаниясының тарихы. Оның өндірістік салада жұмыс істеп келе жатқанына 100 жылдан асты. Компания сол уақыт ішінде түрлі технологиялық өзгерістер енгізді. Ал, былтыр құны 40 миллион фунт стерлинг болатын инвестициялық жобасын таныстырды. Ол жоба жаңа технологияларды қолдана отырып, Ұлыбританияда ламинат жасап шығаратын заманауи зауыт құруды көздейді.
«Инвестицияларымыздың басым бөлігі өнім шығару желісін автоматтандыруға, тауарлардың жаңа түрлерін шығаруға бағытталған инновациялар енгізуге кетті. Біздің өндірістік компания екеніміз көпке мәлім. Сондай-ақ біз өзімізді инновациялық компаниялардың да қатарына жатқызамыз. Өйткені біз жаңа өнімдерге нанотехнологиялардың көмегімен зерттеулер жүргізуге ауқымды қаражат бөлдік», - дейді компанияның бас директоры Питер Раш.
Жаңа технологиялар дамыған сайын заманауи өндіріс те қарқын ала түседі. Нәтижесінде осы өндірісте еңбек ететін қызметкерлердің біліктілігі де артатыны айдан анық. Мұны «Formica Group Europe» компаниясының қызметкерлері де растап отыр.
«Компанияда атқарылатын жұмыстардың көбісі технологиялар мен деректерге негізделіп отыр, сондай-ақ цифрландыру ауқымы кеңейіп жүргендіктен, қызметкерлерімізді оқытып, техникалық мамандарды жалдап жатырмыз», - дейді Питер Раш.
Көбісі тұтыну тауарларын сақтау жүйесін жоғары технологиялық салалар қатарына қоспайды. Алайда логистика және заттар сақтауға қойма берумен айналысатын «Lovespace» компаниясы бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін технологиялық инновациялардың маңызын түсініп, тұтынушылардың өзге де талаптарын қанағаттандыратын жаңа платформа жасап шығарды.
Компанияның технологиялар бойынша директоры Дейв Уолкер: «Бұл платформаның арқасында әр заттың орын ауысуын қадағалап отыруға болады. Яғни, клиенттің үйінен қоймаға қалай жеткізілгенін, қоймада сақталуын және клиентке қалай кері қайтарылғанын бақылайды. Логистикалық компаниялардың көбі мұндай технологияны енді ғана енгізе бастады», - дейді.
Қазір «Lovespace» компаниясы заттар интернетіне қосылған және GPS арқылы қадағаланатын ақылды қораптарды қолдану жайында кеңесіп жатыр. Цифрлық трансформация өнеркәсіптің барлық саласында кеңінен қолданылып, жылдам қанат жайып келеді. Осы ретте Марк Башам табысқа жету жолдарын тек IT мамандарға тапсырып қоймай, осы үрдісті компания жетекшілері басқаруы тиіс деп есептейді.