Цифрлық оқу курсы арқылы жергілікті тұрғындар электрондық коммерцияны меңгере алады. Бұл туралы «Қазпошта» АҚ Маңғыстау облыстық филиалының директоры Махаббат Сеитова мәлімдеді.
«Біз жергілікті әкімдікпен жұмыс тобын құрдық. Әкім тұрғындарды оқуға шақырады. Сәйкесінше біз оларға барып, е-коммерция туралы, қалай тапсырыс қабылдап, қалай тапсырыс беруді айтамыз», - деді М. Сеитова.
Оның айтуынша, қазіргі таңда 1500-ге жуық адам оқытылыпты. Е-коммерция туралы айту үшін әрі кетсе 20-30 минут ғана кетеді екен. Оның барлығы аудиторияның белсенділігіне байланысты. Егер де тұрғындардың сұрағы көп болса 40 минутқа дейін уақыт алады.
Сондай-ақ, ол электрондық сауданың мол мүмкіндіктеріне де тоқтала кетті.
«Елімізде «Balkaymak» атты белгілі компания бар. Ол тек Республика көлемінде ғана таралып отыр. Ал, егер біз отандық кәсіпкерлерге цифрлық сауаттылық үйрететін болсақ олар шетелдік кәсіпорындармен келісім-шарт жасайтын еді. Осы ретте, мотивациялық бір мысалды айта кетсем, Украинада бір қыз бар, оның жасы небәрі 16-да. Сол қыз кітаптың бетіне белгі салумен айналысады. Бірақ, оның осы кәсіп түрінен үлкен сомаға кетелетінін кім білген?! Ал, оған қалай қол жеткізді дейсіз ғой?! Бар болғаны өз туындыларын сайтқа салған. Нәтижесінде, жер шарының түкпір-түкпіріндегі тұтынушылар тапсырыс беріпті», - деді директор.
Ақтауда онлайн-сауданы дамыту мақсатында бірқатар тың жұмыстар жасалып жатыр. Солардың бірі – «AliExpress» атты әлемдік алпауыт компаниямен жасалған келісім.
«Қазпошта» АҚ электрондық сауданы дамыту мақсатында деп аталатын халықаралық компаниямен келісімге келді. Ол осы салада ең маңызды ойыншылардың бірі саналады. Бүгінде Маңғыстау облысының тұрғындары «AliExpress» қосымшасын пайдаланады», - деп түйіндеді ол.
Айта кетейік, 2017 жылдағы орта айлық көрсеткіш бойынша электрондық сауданы 38 мың адам тұтынған. Ал, 2018 жылдың 6 айындағы бұл көрсеткіш 64 мың адамды құрап отыр. «Қазпошта» АҚ-ның негізгі бағыттарының бірі - логистикалық инфрақұрылымды модернизациялау. Осы ретте, дрондар іске қосылды. Олар тиісінше ауылдағы алыс ағайынға газет-журнал немесе тауарлар тасумен айналысады. Ол шамамен 8 кг жүкті көтере алады. Осылайша автомобиль жолдары нашар аймақтарға дрондар тауарларды жеткізіп беріп, пошта жұмысын жеңілдетуде. Сондай-ақ, «Қазпоштаның» қалалық және ауылдық бөлімшелері оффлайн арналар болып табылады. Ал, онлайн арнасы - Post.kz порталы. Бұған қоса, @KazPostBot – Телеграмм-боттың көмегімен ақпараттарды бақылап, валюта бағамын біліп, ақша аударымдарын жасауға, теңгерім толтыруға, жол қозғалысы туралы ақпаратқа қол жеткізуге болады. «Қазпоштаның» осы жетістіктерінің бәрі дерлік цифрландыру барысында пайда болды.