23 қаз, 2025 сағат 12:01

Трамп Путинмен кездесуден бас тартып, Ресейдің мұнай алпауыттарына санкция салды

Фото: РИА Новости

АҚШ Ресейдің Украинаға жасаған жаңа шабуылдарынан кейін — салдарынан жеті адам, оның ішінде екі бала қаза тапқаннан соң — Ресейдің ірі мұнай компаниялары «Роснефть» пен «Лукойлға» қарсы қатаң санкциялар енгізді, деп хабарлайды Ult.kz. 

Министрлік мәліметінше, шешім Мәскеудің «бейбіт келіссөздерге шынайы дайын еместігімен» байланысты қабылданған. Санкциялар аталған компанияларды америкалық қаржы жүйесінен оқшаулап, доллармен кез келген операция жүргізуге тыйым салады. Бұл шектеулерді бұзғандарға, соның ішінде шетелдік банктерге де, қатаң жазалау шаралары қарастырылған.

Президент Дональд Трамп бұл шешімді «аса маңызды қадам» деп атап, «егер соғыс тоқтаса, санкциялар ұзаққа созылмайды» деген үміт білдірді.

Бұл шешім келесі аптада Венгрияда өтуі тиіс болған Трамп пен Путиннің кездесуі болмайтын болғаннан кейін қабылданды. Ақ үй дереккөзі хабарлағандай, Вашингтон келіссөзді «уақыты келмеген» деп есептеген, себебі Мәскеу мен Киев арасындағы прогресс байқалмаған. Саммиттің тоқтатылуы АҚШ пен Ресей арасындағы қатынастардың жаңа кезеңін білдіреді.

Бұған дейін Трамп атысты тоқтату бастамасын қолдайтынын мәлімдеген, алайда Мәскеу бұл ұсынысқа келіспеген. The Washington Post-тың хабарлауынша, «Роснефть» пен «Лукойлға» салынған бұл санкциялар — Трамптың екінші президенттік мерзіміндегі Ресейге қарсы алғашқы ірі шара.

Публицист Виталий Портниковтың пікірінше, Трамп соғысты тоқтату үшін Зеленский мен Путинге қысым көрсетуде. Ол АҚШ басшысы Кремльге «ерекше шарттармен» бітім ұсынуға тырысып отыр деп санайды. Егер Путин келісімге келмесе, Вашингтон Украинаға Tomahawk секілді алыс қашықтықтағы зымырандар беруді қарастыруы мүмкін. Портниковтың айтуынша, бұл қадам жаңа ірі қақтығыстың басталуына себеп болуы ғажап емес.