Қазақ тойшыл, сауықшыл халық. Кез келген бас қосу, жиынды ән, би, күймен көңілді өткізу әріден қанымызда бар қасиет. Дуылдатып, көңіл көтермесек отырыстың мәні болмағандай, бір илеуі кем шыққандай көңіліміз ортайып тұрады. Бар жиған-тергені тойға бұйырсын деп ниет еткен қазақ күні бүгінге дейін осы табиғи мінезімен, ұлттық ерекшелігімен қазақ болып келді. Жаратқан ием келешекте де халқымызды осы бір жақсы пейілі мен қасиетінен ажырата көрмесін.
Бүгін қазағым өзінің кәсіби театр өнерін де тойшыл (фестивальшіл) етіп алған секілді. Секілді емес-ау, анық. Халықаралық, республикалық, аймақтық, облыстық, қалалық, аудандық, жоғары оқу, орта білім беру дегендей театр фестивальдері тізіліп кете береді, кете береді… Тойдың көп болғаны бізге жақсы, театрдың жаңалығын көреміз, соңы режиссура қолтаңбасымен танысамыз, талантты жаңа есімдерді ашамыз, рухани марқайып өсеміз… «Тоқта, тоқта…» – деп осы жерде өзді-өзімізге басу айтпасқа амал жоқ. Азын-аулақ фестивальдерді көргеннен кейін осылай тоқтау айтуға, өз тілімізді өзіміз тістеуге мәжбүрміз. Себеп, бұл өткізіліп жатқан фестивальдерден ұлағат алып, жаңғырып, кәсіби өсіп жатқанымыз шамалы. Атын дардай етіп «өткізді» деген белгі қоюы мен дақпыртына әуестік, ас ішіп аяқ босату, селфилетіп оңды-солды суретке түсіп қайту маңызды секілді іс-шараға айналғаны ойлантады. Саны көп болса да, сапалық деңгейге өте алмай келеді. Жылдан-жылға жалғасып жүрісінен жаңылмай келе жатқан осы мереке – фестивальдер біздің театрларымызды тығырыққа тіреп тастады.
Әрбір іс-шараның көздеген мақсаты мен міндеті болады. Әлемдік театр фестивальдерін өткізу тәжірибесіне жүгінсек, фестиваль – елді, халықты, оның рухани қазынасын танытуға, кеңінен насихаттауға, әлеуетін асқақтатуға арналған өзіндік ішкі есеп-қисабы мен нарықтық көзқарасы бар мерекелер. Тек есеп беру үшін қаражат бөліп фестиваль өткізу бүгінгідей дағдарыс етектен алған заманда құр бекер қаражат шашу. «Өнер – өнер үшін» – деген ұран да көйлегі көк, қарны тоқтықта баратын қадам. Осындайда қомақты қаржымен фестиваль жасай отырып сол жұмсалған қаржының өтемін өзге жолдармен қайтара алмасақ, елдігімізге сын. Ол шыққан соманы қаржы түрінде қайтару емес, қазақ театры мен оның қайраткерлерін шетелге танытатын, еліміздің өнерпаздарының шеберлігін мойындаған дивиденттермен кері жинап алуды көздейтін мемлекеттік ұстанымдарын ашатын маңызды іс-шара болуы керек. «Судың да сұрауы бар» дегендей, өзіңде бар өнерді (тауар өнімді) сыртқа сатуға, өзгеде бар үздік өнерді алып келіп көрсетіп, олардан үйренуге бағытталған қайтарылымы мол болатын екі жаққа да тиімді ағалар мен көкелердің сахнадағы салмақты ойыны.
Тақырыбы анық, көздеген бағыты мен мақсаты бар біздегі фестивальдеріміздің мазмұнына қарап отырып бірнеше топқа бөлеміз. Мақсат-мүддесі айқын, өзінің діттеген жерінен шығып жүргенін көріп олардың өмір сүруге толық құқылы екендігін жоққа шығара алмаймыз. Жекеленген облыстық мәдениет департаменттері мен Театр қайраткерлер одағының өскелең жас режиссерлердің қадамын айқындауға бағытталған, талантты актер өнерін насихаттауға арналған, ұстанымдары мен мақсаттары айқын фестивальдерінің жөні бөлек. Ондағы басты әңгіме шығармашылық шеберлік, әр қойылымнан кейін қызу талқылаулар, сахна майталмандарының шеберлік сыныптарына жалғасып жатуы фестивальге өң беріп, қатысушылар мен қонақтарға үлкен серпіліс сыйлайды. Мұны біз құптаймыз.
Дәстүрге айналып бара жатқан республикадағы театр фестивальдерінің екінші түрі, жекелеген танымал қаламгер-драматургтердің шығармаларына құрылған фестивальдер. Қазір жақсы насихатталып жүрген бұл іс-шаралардың қазақ театрын дамытудағы, жекелеген авторлар шығармашылығын таратудағы еңбектері айтарлықтай мол. Кез келген шараның ұйымдастырылу деңгейі автордың демеушіcінің мықтылығына байланысты. Бұл фестиваль бізде мерейтойларға байланысты болатындықтан жақсы қаражат бөлініп «жоғары» деңгейде өтуде. Фестиваль жұмысына қазылық етуге алыс-жақын шетелдерден игі жайсаңдар шақырылады. Мерейтой иесіне келсек, автордың құрметті қонағы. Осыдан келіп ашық әңгіме, тәуелсіз өткір сын мен қызу пікірталастарға орын қалмай жатуы қынжылтады. Фестиваль бір автордың шығармаларынан түзілген спектакльдерге арналғандықтан пьеса мәтіні, режиссурасы, актерлік ойын сапасы театртанушы мамандар тарапынан өткір сарапқа салынбайды. Бұл мерекелік көңілге кірбің түсіреді. Сын айтылмаған жерде фестивальге қатысушы спектакльдер орнықты бағасын алмайды. Бірсыдырғы, мақтауы басым, артығын асырып, кемшілігін жасырып сылап-сипаған қойылымдар түгелдей фестивальдің лауреаттары болып марапатқа ілігеді. Тойға келген қонақты сый-сияпатсыз қайтаруға тағы болмайды. Бұл бағыттағы фестивальдердің болашағы бар десек те, осы форматта ұлт театрының өркендеуі мен дамуына келтірер пайдасы әзірге аз.
Жекелеген аймақтарда өтетін театр фестивалі жайлы да осыны айтуға болады. Кәсіби театр туралы арнайы театр мамандарын шақырып ашық талқылау, өткір пікір алысулар орнына тағы да ақсақал-қарасақалдан құралған, театр директоры, әкімшілік қызметкері, журналист, ақындар «әділқазылар» құрамы болмай театр режиссурасының, актерлық ойынының, спектакль көркемдік сапасының деңгейі көтерілмейді. Күнде өзгерістер болып жатқан театр өнеріндегі соны үдеріспен жергілікті режиссердің қойылымын салыстыра қарастыру, артық-кем тұстарын көрсету екі жаққа да пайдалы болмақ.
Республиканың театр өнерін, өнер мерекесін ұйымдастыруда шығармашылық әлеуеті көрсететін аты дардай республикалық, халықаралық фестивальдерді өткізу мәселесінде де түйінді тұстар мен қойылар сұрақтар баршылық. Республика театрларының жылда басын қосатын басты форумы болғандықтан бар жетістіктеріміз бен өзекті мәселелеріміз де осы жерде айтылады. Талай озық спектакльдер осында лайықты бағасын алды. Ол жағын қазбаламай, біз мәселенің өзекті тұстарына тоқталайық.
Осы фестивальдерде қазылар алқасы құрамында жұмыс істеп, мәселені егжей-тегжейлі білгендіктен айтарымыз: бұл фестивальдер өз міндетін осы кезге дейін толық атқарды. Енді форматын өзгертуді, мақсаты мен міндетін қайта қарауды керек етеді. Әйтпесе қазір біз өз қазанымызда бұрқ-сарқ қайнап, алған атақтарымыз, гран-прилеріміз бен бірінші, екінші .. орындарымызды ілетін, тізіп қоятын жер таппай қайнақ суымыз таусылған қаңсыған қазанға айналатын түріміз бар. Кеңестік дәуірдегі тоқыраудың символына айналған «Генсек» Брежнев жарықтықтың кеудесінде бос орын қалдырмаған сылдырмақтар секілді, алған лауреаттығымыздан, атағымыз бен марапатымыздан Құдай-ау, ат үркеді. Айналып келгенде, мұның бәрі – өзімізді өзіміз мақтау, әспеттеп аспанға шығару. Шығармашылық ортаға, өнер адамына марапат қажет десек те, асыра сілтеуден арылатын кез келді. Айналамызға бажайлап қарап, етек жию керектігін еске саламыз. Ал, сын айтуға келгенде бүгежектеп «біреудің өзі, біреудің көзі жақсы» деп сылап-сипау басым, немесе «сыншылардың» мақтауына мәзбіз. Сол сылдырмақтар сыңғыры мен тілінен бал тамызатын мадақ сөздерден өсу емес, қазақ театрын өшіретін зарлы үн, қабырғаны қайыстырар күңіреніс еседі. Әрине, қоюлатып айтып отырған шығармыз десек те, жағдайымыз солай. Театрларымызға бәсекеге қабілетті болатын соны өзгеріс, инновациялық жаңалық, селт еткізер серпіліс қажет. Әлемдік кеңістікке шығатын, халықаралық фестивальдер көрермендерін, театр сыншыларын бағындыратын ұлттық авторлардың спектакльдерімен соны серпіліске ұмтылу керек. Осы бағытымызбен жолымызды жалғастыра берсек, ұлт театрын дағдарыс, тоқырау, өліара кезеңнен алып шыға алмасымыз анық.
Бұл тұйықтан шығар жол қайсы?
Айналамызға қарап, заман ағымына сай театрдың мазмұнды репертуарын жасауды, сауатты менеджменті бар елдер театрларының тәжірибесінен үйренуді уақыт талап етеді. Қазақ театрларының көркемдік тұрғыда алға басуына пайда әкелетін, аз да болса саз болатын Алматы, не Астанада үлкен театр форумын өткізуді қолға алcақ, өте игі. Сүйекті фестиваль ұйымдастырып, оның танымал болуына күш пен қаражат салу, оны сауатты ұйымдастырған жөн. Шетелден театр сыншыларын, продюсерлерді, арт-директорларды және тағы басқаларды тұрақты шақырып жаңа форматпен қазақ театрының өнімдерін насихаттауды, шетелде өтетін фестивальдерге сатуды жолға қою керек. Спектакль – тауар, оның құны жоғары валютаға (шетелдік ірі фестивальдерге) импортталуы керек. Әзірге арман болса да солай болады деп армандайық. Бұл – бүгінгі нарық заманының заңы. Өз ішінде сұранысқа ие болмаған, сыртқа сатылмаған спектакльден әр театрдың көркемдік деңгейін, қаншалықты бәсекеге қабілетті екендігін көруге болады. Бұл театрды, режиссерді қамшылап, жалпы, қазақ театрының деңгейін өсіретін маңызды шара болмақ.
Сәтті бастаманың ең бірінші шарты, фестивальді ұйымдастырумен басынан аяғына дейін осы саланың мамандары, театр продюсерлері мен театр сыншыларынан түзілген ұйымдастыру комитеті айналысуы керек. Сонда ғана сапасы жоғары фестиваль афишасы түзіліп, әлемдік үлкен театр компанияларының, белгілі театр мамандарының қызығушылығы артып, беделді фестиваль өмірге келмек. Министрлік, жергілікті әкімшілік қаржыландыру мәселесі мен ұйымдастыруға қолғабыс етуі керек. Бірер мысал: көрші Ресей театр қауымдастығының жұмыстары бізге ылғи үлгі болып келеді. Мұнда Мәскеу мен Санкт-Петербургті айтпағанда, аймақтарда да театр фестивалін ұйымдастыру жүйесі қалыптасқан. Бұл ретте кезінде Алматыда бастау алған (1998), қазір Қазан қаласында түбегейлі орныққан, екі жылда бір рет өтетін түркі халықтарының «Наурыз» фестивалін атауға болады. Сәтті жолы, талғамды репертуары, биік мәртебесі осыған айқын дәлел болады. Ал, Тбилиси қаласындағы Халықаралық театр фестивалін ұйымдастыру мен өткізудің сәтті менеджменті, бір қаланың театрын ғана емес, республиканың театрлары деңгейін көтеруге, халықаралық кеңістікке шығуларына жол ашқан. Өзге де жолы болған театр фестивальдерінің жетістіктеріне иек артудан ұтылмаймыз. Сондықтан заманауи қазақ театр фестивалін дамытуға бұл елдердің жұмыс тәжірибесінен үйренетін үлгі де, өнеге де баршылық.
Аманкелді МҰҚАН,
М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты
театр және кино бөлімінің меңгерушісі, өнертану кандидаты
"Егемен Қазақстан" газеті