14 нау, 2025 сағат 17:24

Той мәдениетін бір ізге түсіретін ереже әзірлеу қажет


Фото: yanevesta.kz


Той мәдениетін бір ізге түсіретін ереже әзірлеу қажет. Бұл туралы Ұлттық құрылтайдың IV отырысында құрылтай мүшесі Бекзат Алтынбеков айтты.


- Бүгінгі жаһандану дәуірінде ұлттық салт-дәстүріміз бен мәдениетімізді, тіл тазалығы мен ұрпақ сабақтастығы секілді құндылықтарды сақтап қалу өзекті мәселе болып отырғаны мәлім. Қазақтың бүгінгі таңдағы торқалы той, топырақты өлімде жасалатын жоралғылары, өз беттерімен қабылдап алған ереже-тәртібі құндылыққа құндақталған ұлттық салт-дәстүрімізге сызат түсіруде. Ал салт-дәстүр дегеніміз – ұлыстарды біріктіруші ұлы күш. Қазіргі жиын-тойлардағы бейәдеп сөз, анайы анекдот, ебедейсіз ойын, асабалар мәдениетсіздігі белгілі бір деңгейде ортақ қоғамдық бақылауға алынуы қажет әлеуметтік проблемаға айналып барады, - деді ол.


Оның атап өтуінше, мұндай өрескел әрекеттерді тыю үшін әдеп ережесін қабылдау қажет.


- Өйткені жиын-той – тәрбиенің ең басты құралдарының бірі. Бұл әлде біреудің қызығына араласып, қазан-ошағы мен дастарханын билеу емес, ұлттық құндылықтарды сақтаудың бірден бір жолы деп айтқым келеді. Той мәдениетін бір ізге түсіретін ереже жобасын әзірлеп, бұл мәселеге қоғамдық бақылауды күшейту керек деген ойдамын, - деді Бекзат Алтынбеков.


Айта кетейік, Бурабайда Ұлттық құрылтайдың IV отырысы өтіп жатыр.