Қаржы секторында жағдайды жеңілдету үшін қандай шаралар қабылданып жатыр. Бұл туралы ҚР Қаржы нарығын реттеу мен дамыту агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Олег Смоляков брифинг барысында айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Олег Смоляковтың айтуынша, қаржы нарығының орнықтылығын қамтамасыз ету Агенттік қызметінің негізгі басымдықтарының бірі.
«Банк секторы ағымдағы дағдарысты жағдайларға барынша дайын болды, мұны 2019 жылы жүргізілген банк секторы активтерінің сапасын бағалау көрсетті. 2008 жылдан бері жинақталған көптеген проблемалар анықталып, реттелді. Сонымен бірге банк секторының барынша жоғары өтімділік деңгейі бар. Банктердегі бизнес-процестердің сапасын жақсарту жөніндегі жүйелі жұмысы жалғасуда. Қазіргі уақытта Агенттік AQR нәтижелері бойынша түзету шараларының жоспарларын банктермен келісу жөніндегі жұмысты аяқтауда. Сонымен бірге капиталдандыруға қолдау көрсету жөніндегі талаптары және қаржылық орнықтылықты арттырудың қолданыстағы бағдарламасы шеңберінде ағымдағы кредиттік тәуекелдерді қамтамасыз ету тетіктері уақтылы әрі орынды болғанын пандемиямен байланысты ағымдағы жағдай көрсетіп отыр»,– дейді Олег Смоляков
Сонымен қатар, ол сұраныстың, кірістердің төмендеуіне, кәсіпорындар қызметінің тоқтатылуына байланысты экономиканың нақты секторында жаңа тәуекелдер туындап, олар қаржы секторына да әсер ететінін айтты.
«Коронавирус пандемиясының теріс салдарларын еңсеру, бизнесті кредиттеуге қолдау көрсету және қарыз алушылардың борыш жүктемесімен байланысты тәуекелдерді азайту үшін дағдарысқа қарсы қосымша шаралар қабылданды. Атап айтсақ, 2020 жылғы 30 наурыз - 30 қыркүйек аралығындағы кезеңде пруденциялық реттеудің уақытша контрциклдік шаралары енгізілді. ШОБ жеңілдікпен кредиттеу бағдарламасы әзірленіп, іске асырылуда, ол үшін 600 млрд теңге бөлінді, сонымен қатар ТЖ кезінде зардап шеккен қарыз алушылар төлемдерінің мерзімін кейінге қалдыру көзделді, – дейді ол.