Фото: Спортты дамыту дирекциясы
Қазақстандық былғары қолғап шебері Нұрбек Оралбай Өзбекстан астанасы Ташкентте өтіп жатқан бокстан әлем чемпионатында ел қоржынына төртінші алтын салды.
80 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде бақ сынаған Нұрбек Қытай қазағы Тоқтарбек Таңатханмен жұдырықтасты. Отандасымыз қарсыласынан үш раундта да басым боп, жеңіске жетті.
Сонымен, бокстан әлем чемпионатында Қазақстан қоржынында 4 алтын, бір күміс медаль бар.
Айта кетейік, бүгін 54 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде сынға түскен қазақстандық Махмұд Сабырхан өзбекстандық Ойбек Джураевпен шаршы алаңға шығып, айқын басымдықпен жеңді. "Қазақтың Ломаченкосы" деген лақапатқа ие дарынды боксшы қарсыласын екі рет нокдаунға да жіберді.
Ал 71 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде жұдырықтасқан Асланбек Шымбергенов өзбекстандық Саиджамшид Джафаровпен жекпе-жекке шықты. Қазақстан ұлттық құрамасының капитаны қарсыласынан бірінші және үшінші раундта басым түсті. Сөйтіп, төрешілер шешімімен жеңімпаз деп танылды.
Еске салайық, кешегі финалда грузиялық боксшымен қолғап түйістірген Санжар Тәшкенбай ел қоржынына алғашқы "алтынды" салған еді. Ал 67 келіге дейінгі салмақта сынға түскен тағы бір отандасымыз Дулат Бекбауов өзбек боксшысы Асадхудж Муйдинхуджаевтен жеңіліп, күміс жүлдені қанағат тұтты.
видео: Qazaqstan ұлттық арнасы