Өскеменде «Үлкен Алтайдың трансшекаралық кеңістігі: демографиялық және әлеуметтік-мәдени процестері – ынтымақтастықтың жаңа нысандары» атты жастардың халықаралық жазғы мектебінің ашылу салтанаты өтті.
«Алтай – біздің ортақ үйіміз» халықаралық үйлестіру кеңесінің шешімімен биыл Өскеменде тұңғыш рет ұйымдастырылып отырған шараға Қостанай, Павлодар, Қарағанды, Маңғыстау, Атырау облыстарынан келген жастар орталықтарының директорлары мен жетекші мамандары, сондай-ақ, Ресейдің Алтай өлкесі мен Алтай Республикасы, Қытайдың Шыңжаң-Ұйғыр автономиялы районы, Моңғолияның Баян-Өлгей және Қобда аймақтарынан келген сарапшылар өз елдеріндегі жастар саясатының іске асырылу барысы туралы баяндамаларын оқыды.
Шекаралық аймақтар арасында экономика, білім, ғылым, мәде¬ниет және экология салаларын¬дағы әріптестік аясында бірлесіп жұмыс істеудің өңір¬аралық байланысты кеңейтудің даңғыл жолы екенін атап өткен облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Ержан Сембинов басқосуға келген қонақтарды «ЭКСПО-2017» көрмесіне қатысуға шақырды.
– Алтай арқылы шекаралары түйісіп отырған төрт мемлекеттің арасындағы байланысты әрі қарай дамытуымыз керек. Бұл – бүгінгі әлемдік дағдарыс жағдайында көршілес өңірлердің экономикасы мен өзге де салаларына үлкен серпіліс береді, - деді Ержан Сембинов.
Пленарлық отырыстың ашылу салтанатында сөз алған Қытай Халық Республикасының ШҰАР істері бойынша Алтай аймақтық басқармасының жетекшісі Юуй Гуансин жастарға сәттілік тілеп, Шығыс Қазақстанмен сыртқы экономикалық байланыстарды одан әрі нығайта түсетіндіктерін мәлімдеді.
– Шығыс Қазақстанмен экономика саласында ғана емес, мәдени және рухани өмірімізде де берік байланыс бар. Қос ел бүгінде серіктес қана емес, достығы жарасқан тату көрші, – деді Юуй Гуансин.
Басқосу барысында С.Суразаков атындағы Алтай институты директорының орынбасары Наталья Тадышева «Алтай республикасының жастары: заманауи дамудың үрдістері» тақырыбындағы баяндама-тұсаукесерін ұсынды.
– Алтай мен Шығыс Қазақстан арасындағы этномәдени жағдайға баса назар аударған жөн. Өйткені, бұл ғылым мен білім саласындағы ынтымақтастықтың келешегін айқындап береді. Біздің институттың студенттері мен сіздердің жас ғалымдарыңыз бас қосып, дәстүрлі емес энергетиканы және ноосфералық жоғары технологияларды дамыту, экологиялық таза ауылшаруашылық өнімдерін өндіру, аймақ инфрақұрылымын құру үшін шекаралас аумақтардың жаңа рухани-экологиялық дәуірдің міндеттеріне жауап берерлік ғылыми-техникалық өзара ықпалдастық интеграциясын күшейту сынды жұмыстарын бірлесе атқарса екен деген ұсынысым бар, - деді Наталья Тадышева.
Жастардың біліктілігін арттыруға бағытталған пленарлық отырыс барысында жазғы мектептің үйлестірушісі, тарих ғылымдарының кандидаты, Е.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің доценті, «Алтай – біздің ортақ үйіміз» халықаралық үйлестіру кеңесінің мүшесі Қанша Қалиева «Шығыс Қазақстан – Үлкен Алтай аумағындағы халықаралық ынтымақтастың белсенді қатысушысы ретінде» атты баяндамасында біздің өңірдің сыртқы экономикалық байланыс орнату бойынша жүргізіп жатқан жұмыстарына тоқталып өтті.
– Өткен жылы Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі мен Алтай Республикасының Үкіметімен, Алтай өлкесінің әкімшілігімен, Новосібір және Челябинск облыстарының әкімшіліктерімен сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық және мәдени ынтымақтастық туралы келісімдерге қол қойылған. Бұдан бөлек, Қытай Халық Республикасының Шыңжаң-Ұйғыр автономиялы ауданының Тарбағатай және Алтай округімен тығыз қарым-қатынас орнатып, екі ел арасындағы дипломатиялық байланысты нығайтуға қомақты үлес қосып келеді. Мәселен, кәсіпкерлер арасында экономика, ауыл шаруашылығы, мата өндірісі, туризм және басқа салаларда өзара тиімді ынтымақтастық орнату мақсатында кездесулер өткізілген, - деді Қанша Қалиева.
Отырыс шеңберінде қатысушылар Алтай өңір¬лері арасындағы сауда-эконо¬ми¬калық, білім беру және жас¬тар мәселелері бойынша бірле¬се жұмыс істеу жолдарын қа¬рас¬тырды. Маңызды бағдардың бірін атап өткен Өскемендегі жастар орталығының директоры Ринад Ахметжанов жасөспірімдерді қоғамдық жұмыстарға тартудың тиімді жолдарын ұсынды.
Пленарлық отырыс соңында Үлкен Алтай жастары ынтымақтастығының жаңа нысандарын құру туралы декларацияға қол қойылды.
Шара Ұлан ауданының Тайынты ауылының маңында орналасқан «Көк Тау» демалыс базасында жалғасын таппақ.
Ажар Сағатбекова