10 қаз, 2017 сағат 10:49

Торғайымыз топшысынан қайырылып...

Соңғы  кезде ел арасында Қостанай облысы, Жанкелдин ауданы аумағына құлайтын зымыран қалдықтары жайлы жиі айтылып жүрді. Бұл аумаққа зымыран қалдықтарын құлату үшін 76 мың гектар жер 3 жылға берілмек екен. Осы бір мәселе ел арасында қызу талқыға түсіп, халық наразылығына ұшырады. Қабырғасы қайысқан қазақ ақындары өкінішін өлеңге төкті. Торғай даласының мұң-зары өлеңде сөйлегенде... 

Қара тақта
(Торғай туралы толғау)

Кеудемде соғып тұрар сәт басылмай,
Мендегі үлкен жүрек – 
Ат басындай.
Кестелеп,
Атақ-даңқын жазып қойған,
Торғайым – 
Мәңгіліктің тақтасындай.

Ұрпағың кенелгенмен бар атаққа,
(Мен өзім малданбаймын марапатқа)
Тақтаға теңегенмен
Торғайымды – 
Ол бірақ,
Осы күнде – 
Қара тақта.

Байлықпен басын байлап осы көптің,
Ұрпағын батырлардың жасық еттің...
Ақыры,
Біздің Торғай –
Бұл заманда,
Айналды тақтасына
Қасіреттің.

Жайылған қолдан құртып малды мына,
Тажалдың тісі тиді 
Тал-құмына.
Аспаннан жаңбыр емес,
Ажал жауып,
Айналды – 
Күл-қоқыстың «қалдығына».

Басынан айтқан сөзін бір асырмай
Барады – 
Қияметке кім осындай?!
«Қалдық» ол – 
Жер астында қордаланған
Қанды қол – 
Қызылдардың мұрасындай.

Болған соң – 
Зұлмат заман соры мына,
Торғайым,
Барған сайын торығуда...
Қой қора, 
Тұрғын үйлер
Тып-типыл боп,
Айналды – 
Ата-баба қорымына.

Айырылып тапа-тал түс ел есінен,
Тарихтың сырғып түсті белесінен...
Көк жайлау, 
Көгілдір көл
Көзден ұшып.
Келместің кетіп жатыр кемесімен.

Әнші көп, жыршы да көп талай дана,
Әншейін бүлкілдейді көмей ғана...
Бар шығар – 
Аққуы да,
Қыраны да,
Торғайлар – 
Құс ішінде «өгей бала».

Тал түсте дұшпандарым табалады,
Қай кезде қара тақта ағарады?!
Қона алмай айдынына 
Аққу-қаздар,
Қанатын қайта-қайта сабалады.

Пәс болды, 
Періште еді,
Парасатым.
Тұлпардай күпті көңіл таң асатын.
Қайда екен, 
Құс патшасы,
Қайран дүние – 
Қамына торғайлардың қарасатын.

Торғайда –
Талып атып
Таңның өзі,
Өзгерді тірі жүрген жан мінезі.
Баяғы – 
Биік те жоқ,
Киік те жоқ,
Аяғын аңдап басар аңның өзі.

Көрген соң киік өлген қырды мына,
Ерігіп жазды деме, жырды мына.
Басталған
Ұлытаудан
Ұлы өзендер –
Ақырын құйып жатыр құрдымына...

Әулием – 
Марал ишан,
Пір Бекеттей,
Соларды тұра алмаймын құрмет етпей.
Төбемде құйқылжыған ракеталар,
Көзіме көрінеді «рэкеттей».

Түсіндік – 
Дүниенің жалғанын біз,
Жалғанда жалтақтаймыз қалғанамыз.
Апыр-ай, 
Ұлт болды-ау,
Жерді жалдап,
Ақшаға – 
Ажал сатып алғанымыз.

Аспаннан қасірет бұлты жауып жатыр,
(Себепсіз соқпайды екен дауыл да құр...)
Іздеген «рахатын» о дүниеден,
Талайлар – 
Мәңгілігін тауып жатыр.

Айырылды –
Ер – жүректен,
Ат – басынан.
Ұшқан соң енді қайтсін, бақ басынан.
... Ұрпағым
Тарихымды тауып алар,
Түбінде – 
Қасіреттің тақтасынан!

PS:
Қанатына оқ тисе де –
Қыраны,
От боп жанған
Жанарының шырағы.
... Біздің Торғай – 
Қандай заман болса да,
Қара тақта,
Ақтаңдақтан тұрады!

Серік Тұрғынбекұлы

***

Уа, Торғайым,
Сордан шықсаң сор дайын. 
Ордан шықсаң ор дайын. 
Іргеңдегі мына жұрт, 
Іркіт ішкен ел еді, 
Дыр-дыр қасып борбайын!
Сенің киелі топырағыңа доңызын жайды, 
Көніп ек, 
Тезегін таспен көміп ек, 
Тарихтың қаңсық көңі деп... 
Енді отырмыз жылқыдай кісінеп, 
Сиырдай мөңіреп!
Ұядағы балапандай шуылдап, 
Немесе базардағы қатындардай дуылдап --
Наркескенді боққа шауып отырмыз, 
Кәуірдің табанында нуым қап, 
Суым қап!
Омбы омыртқам еді, 
Үзді, алды. 
Ойылды алды, түзді алды. 
Жер шұқып қалды ерлерім, 
Бет басып жылап қыз қалды.
Наласы мынау, Аласы анау бұл елдің, 
Қиямет қайымдай, Батыстан туып күдер күн... 
Қойторыдай қорықпаймыз ешкімнен, 
Торықпаймыз сылдырынан шідердің.
Уа, Торғайым, 
Сордан шықсаң сор дайын. 
Ордан шықсаң ор дайын. 
Іргеңдегі мына жұрт, 
Зымыранын сигізбек, 
Дыр-дыр қасып борбайын!
Өл де маған...

Жанат Жаңқашұлы

ТОРҒАЙ ДЕСЕ...

Бүйрегімді жатқандайын суырып, 
Бауырымнан жатқандаймын айырылып. 
Дордойым ол - апшымызды қуырып, 
Торғайымыз топшысынан қайырылып...
Топырағыңды торқа мауыт киелі, 
Топанға ертең айналдырман, Торғайым! 
Менің тайқы маңдайыма тиеді, 
Сенің Кейкі-тағдырың мен сор дәйым.
Бейбарыстың топырағы - тұмар да, 
Бейнамыстың топырағы - көң, мейлің... 
Зымиянды адал дейтін бұларға, 
Зымыранды залал деп көр, сенбеймін.
Өкіметтің шоқығаны жая, пұл, 
Ахметтің топырағы боздаған... 
Қымыранды РАК-қа ем дейді, 
қоя тұр, 
Зымыранды БАҚ-қа оң деп, 
жаз, қалам!
Қу кетеді жылы жаққа, торғай ғап, 
У жетеді шөккен нарды шөлге айдап. 
Бұл мекенді отар дейді неге жұрт, 
Отан деймін - мен бейбақ...

Мирас Асан