Баянауылға барған жолсапарымыз барысында Торайғыр ауылына соққан едік. Музейдің қабырғалары төбеден аққан жаңбыр мен еріген қар суынан базданып кетіпті. Бұл үй облыстық мәдениет басқармасына қарайды екен. Тіпті, ауылда Сұлтанмахмұттың музей-үйі тұрғанын басқарма басшысы Айнұр Сәрсембаеваның өзі де биыл бірінші рет көрсе керек. Жекелей қолданыста ұстап тұруға мүмкіндік болмаса, музей-үйді Баянауылға көшіріп сақтап қалуға болар еді. Бірақ ауыл үшін оның орны бөлек, Сұлтанмахмұттың көзіндей көреді. Мақтаныш етеді.
Шағын ғана музейде ақын тұтынған тұрмыстық бұйымдар, әр жылдардағы фотосуреттері, шығармалары, басқа да заттарын қосқанда 300-ге жуық жәдігер бар екен. Жылда Баянауылдан туризм кластерін құрамыз дейміз: табиғаты ғажайып Торайғыр ауылы сурет дерсің, жарқырған Торайғыр көлі, айнала биік құз-шыңды таулар, әулие бұлақ, Сұлтанмахмұт кесенесі – барлығы өзінен өзі этнографиялық-экологиялық танымдық туризмге сұранып-ақ тұр.
Ал мұндай таңғажайып табиғатты көру үшін ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі қонақтарының Торайғыр ауылына келетіні сөзсіз. Осы кезден дайындала бермесек болмас. Сондықтан ақынның ауылдағы музей-үйінің күрделі жөндеуі, сәулеттенуі, тартымдылығы этно-туризм бағытындағы жоспар-жобалар құрамына міндетті түрде алынуы керек деп ойлаймыз. Ал Нағима Серікбаева басшысы, Еркін Апеков, Арқарбек Бейсенбаев, Гүлжан Есмағамбетова қосшысы болып қолдан келгенше музей үйін жыл сайын әктеп, тазалап, аулаға гүлдер егеді екен. Мектепте «Сұлтанмахмұт оқулары» өткізілетінінен де хабардар болдық. Әрбір торайғырлық үлкен-кішінің ақын өлеңдерін жатқа айтатынын да көзіміз көрді.
…Ауылдан қайтарда ақынның кесенесіне барып тағзым еттік. Кезінде Әбіш Кекілбаев ағамыздың Маңғыстаудың ақ мәрмәр тастарын жеткіздіріп, қолдауымен тұрғызылған күтімі кетіңкіреп тұрған ақ кесенеге де облыстық мәдениет басқармасы, аудандық әкімдік назар салса дейміз. Мәңгілік Елдің түпқазығы кешегі шежіреде. Оны ұмытпау – бәрімізге парыз. Ал осыдан 20 жыл бұрын ақынның 100 жылдық мерейтойында ашылған музей-үйінің құлауға шақ тұрған қазіргі жүдеу жағдайы осы іске жауаптылар үшін сын.
Фарида БЫҚАЙ,
«Егемен Қазақстан»