20 мау, 2018 сағат 10:30

Төмен жалақы алатын адамдардың айлығын бірнеше есеге көтеру қажет - сенатор

Төмен жалақы алатын адамдардың айлығын бірнеше есеге көтеру қажет. Мұндай ұсынысты бүгін ҚР Парламенті Сенатында өткен жергілікті өкілдік органдармен өзара іс-қимыл жөніндегі кеңес отырысында сенатор Асқар Бейсенбаев жасады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Төмен жалақы алатын көптеген азаматтарға мемлекет тарапынан табыс салығын 90 пайызға төмендету үлкен көмек деп санаймын. Бұл дер кезінде көтерілген мәселе. Дегенмен, 120 мыңға жуық төмен жалақымен мектепте, әкімдіктерде еден жуатын адамдар бар. Олардың жалақысы 50 мың теңгенің төңірегінде. Салықты төмендету оларға - көмек. Бірақ, олардың алдағы уақытта жалақысы қалай болады?», - деді сенатор.

Оның айтуынша, елімізде айлық 10 пайызға көтерген кезде 50 мың теңге жалақы 5 мыңға, 100 мың 110 мыңға, ал 1 млн жалақы 1,1 млн-ға көтеріледі.

«Төмен жалақы мен орташа жалақы арасындағы айырмашылық ол көтерілген сайын ұлғайып келеді. Бұған жалақы көтерілген кезде міндетті түрде базардағы барлық тауарлардың қымбаттайтындындығын еске алар болсақ, онда олардың күн көрісі төмендеп бара жатыр. Олардың жағдайын қалай түзейміз?», - деп сұрады Асқар Бейсенбаев отырысқа қатысқан еліміздің Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Светлана Жақыповадан.

Вице-министрдің айтуынша, төмен жалақыны көтеруге бағытталған бірнеше шешім қаралып жатыр.

«Бірінші - төменгі айлықты көбейту. Яғни, бүгінгі таңда ол 28 284 теңге болса, онда осы көрсеткішті қайта қарау немесе көтеру. Екінші - осы салада жұмыс істеп отырған азаматтардың еңбекақысын арттыру үшін базалық лауазымдық жалақысын қайта қарау. Барлығы экономика жағдайына байланысты. Дегенмен, барлық есебі жүргізіліп, бюджеттен керек қаражат саналған», - деді ол.

Светлана Жақыпованың мұндай жауабына сенатордың көңілі толмады.

«Сіздің бұл айтқаныңыз мәселені шешпейді. Сіздер ең төменгі жалақыны көтереміз дейсіздер. Ең төменгі жалақы көтерсе барлығының айлығы көтеріледі. Ал төмен алатын адамдардың жалақысы шешілмейді. Бұл ретте бірақ жол бар, ол - ең төмен жалақы алатын адамдардың айлығын бірнеше есе көтеру», - деді Асқар Бейсенбаев.