Фото: Reuters
Халықаралық олимпиадалық комитеттің (ХОК) Президенті Томас Бах аталған ұйымның 142-сессиясында өкілеттілік мерзімі аяқталғаннан кейін қызметінен кететінін айтты.
Неміс маманы Халықаралық олимпиадалық комитетіне 2013 жылдан бері басшылық жасап келеді. 2021 жылы төрт жылдық мерзімге қайта сайланды. Бұл олимпиадалық хартия бойынша соңғы мерзім ретінде саналады. Осыған байланысты ХОК-тің бірқатар мүшелері Бахтың өкілеттілік мерзімін ұзартуға қатысты регламентті өзгерту жөнінде ұсыныс білдірген еді.
Халықаралық олимпиадалық комитеттің жаңа президентін сайлау 2025 жылдың наурыз айында өтеді. 70-жастағы Томас Бах қажет болған жағдайда өз ізбасарына көмектесуге дайын екенін айтты.
Томас Бах өзінің спорттық мансабында 1976 жылы командалық сайыста семсерлесуден Олимпиада чемпионы атанған.
Айта кетсек, 2024 жылғы Париж Олимпиадасында Қазақстан құрамасы 1 алтын, 3 күміс, 3 қола медальға қол жеткізді.
Қазақстандық спортшылар Олимпиада ойындарында спорттың 25 түрінен сынға түсті. Еліміздің атынан 80 спортшы 92 жолдама жеңіп алған болатын.