Дәурен Әскербекұлы, қоғам өзіңізді мемлекеттік идеологияға жауапты тұлға ретінде біледі. Ел дамуы жолындағы қайраткерлік қызметіңізден де хабардармыз. Бірақ кеше ғана Александр Трухачев есімді журналиске берген сұхбатыңызда қазақ тіліне қатысты айтқаныңызды көріп, қолға қалам алуға бекіндім. Сұхбатта айтылған жайттарды түйіндей келе, менде мынадай үш сұрақ туындап отыр:
1. Ел азаматтарының 20 пайызы ғана орыс болғанымен, өзіңіз айтқандай, ел азаматтарының 90 пайызы әлі де орысша білуі және балалардың 30 пайызы орысша оқуы масқара емес пе? Керісінше, бұл егемендік алғанымызға 30 жыл өтсе де, қазақ тілі мемлекеттік тіл деген мәртебелі тұғырына қона алмай отырғанының көрінісі емес пе?
2. Дәуке, сұхбатта айтылған «пещерный национализм» деген анықтаманы жете түсінбедім. Ана тілге деген жанашырлық, оның болашағына деген алаңдаушылық бәрімізде де бар. Сонда бәріміз де осы санатқа жатамыз ба?
3. Бүгінде қоғамда қазақ тілі – ұлтаралық қарым-қатынас тіліне айналуы керек деген пікір орнығып келеді. Алайда қазіргідей қалпымызбен біз мемлекеттік тілдің жағдайын қалай, қайтіп және қашан дұрыстаймыз? Бұған қатысты билік басындағылардың не ойлағаны бар?
Мұндай сұрақтар жалғыз менде емес, қазақ тілі мен төл руханиятымызға жаны ашитын әр азаматта туындады ғой деген сенімдемін. Қалың қазақтың атынан жолдаған сауал деп қабылдағайсыз.
Құрметпен, Маралтай Райымбекұлы
Ақын, Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты