Кемерово облысының губернаторы Аман Төлеев Ресей президенті Владимир Путиннен «Зимняя вишня» сауда орталығында 64 адамның өмірін жалмаған өрт үшін кешірім сұрады, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі kremlin.ru сайтына сілтеме жасап.
Кемероводағы өрттің салдарын жою туралы кездесуде Путин Төлеевтен болған жағдай туралы сұрады.
«Владимир Владимирович, сіз маған хабарластыңыз. Сол үшін тағы да зор алғыс айтамын. Біздің аймақта осындай жағдай болғаны үшін сізден кешірім сұраймын. Мен сізге 27 адам хабарсыз жоғалғанын айтып едім. Ал одан кейін қырсық бір емес, шыр айналдырды. Қарындасымның сол жерде қайтыс болғаны туралы естігеннен кейін мен қандай жағдай болып жатқанын түсіндім. Сізге қайтадан хабарласқан жоқпын, өйткені жалпы көрініс көз алдыма келді. Сіз дұрыс айттыңыз: салғырттық, немқұрайлылық, осындай жағдайға жол берушілік. Мұның бәрі көрініп тұр. Мен кездескен тұрғындар ол жерде ертеңгілік болғаны және отшашу атылғаны туралы айтты. Алдын ала болжам бойынша, мұны куәгерлер айтты. Бәрі де содан басталған. Ары қарай не болғанын өзіңіз білесіз: есіктер жабық, шығатын қосымша есіктер де жабық және желдеткіш іске қосылып тұрған, ал түтін жойғыш құрал болмаған», - деді Төлеев.
Сондай-ақ, губернатор қайғылы жағдайдан кейін акция өткізіп жатқан қоғам белсенділері туралы айтты.
«Ары қарай әдеттегідей жағдай болды. Адамдар қайғырған жерге оппозиция күші келіп, сол маңда орналасқан үйлерді, мекемелерді аралады. Бүгін ол жерде шамамен 200 адам жүр. Олар қаза тапқандардың туған-туыс, жақындары емес. Біз олармен жұмыс істеп жатырмыз. Оларға «Біреудің қайғысын өз мәселеңді шешіп алу үшін қолдануға болмайды» деп айтамыз. Мен сізге қолдан келетін нәрсенің бәрі жасалатынына уәде беремін. Менің міндетім – біреудің қайғысын пайдаланып, қандай екені белгісіз мақсатқа жетуге жол бермеу», - деді ол.
Төлеев қаза тапқандардың отбасына көмек беру туралы айтты.
«Әр отбасыға миллион рубль (Үкіметтен бөлек) көлемінде көмек көрсетілді. Шот ашылды, бірақ мәселе онда емес. Менің баламның қайтыс болғанына 20 жылдан астам уақыт өтті, бірақ жан жарасы жазылмайды. Яғни, уақыт керек. Біз әр отбасыға бағдарлама әзірлейміз. Кімнің баласы тірі қалды, оларды 18 жасқа дейін жетелейтін боламыз. Мен сізге уәде берем», - деді Төлеев.
Еске сала кетсек, Кемеровода «Зимняя вишня» сауда үйіндегі өрттен кейін тұрғындар жаппай минингке шығып, Аман Төлеевтің қызметтен босатылуын талап еткен.