Бұл – көптің қолдауымен бітетін іс
Биыл алып шаһарға қалың қар мезгілінен ерте және молынан түсіп отыр. Жалпы, халық ырысқа балайтын, Жер-ананың тамырын толтырып, ылғалға айналатын қардың мезгілінен бұрын түсуі қалалық қызметтерге сынақ болып тұр. Табиғаттың «тосын сыйынан» бірнеше күн бұрын «қар тазалауға 1,6 мың жұмысшы, 763 арнайы техника, 75 мың тонна түрлі қоспа дайын» деп баяндаған қалалық тазалау қызметтері алғашқы қардан-ақ өз міндеттеріне кіріскен. Бірақ, бірнеше тәулікте екі айлық нормада жауған қар оңайлықпен бой берер емес.
Соңғы ақпараттар бойынша, Алматыға қалыңдығы 60 см. қар түскен. Бұл қалыпты нормадан 3 есе көп. Көше тазалау қызметтері алғашқы қардан-ақ өз міндеттеріне кіріскен. Алматы әкімдігі қаланы қардан толық тазалап шығуға уәде беріп отыр. Ақпарат көздері дүйсенбіге дейін қаладан 53 мың шаршы метр қар шығарылып, демалыс күндері қалалық қызметтерге көмекке 10 мың алматылық шықты деп хабарлады. Әдетте, қалыпты жағдайда қар тазалау жұмыстарына қалалық қызметтердің 1600-1700 жұмысшысы шығатын болса, соңғы тәуліктерде жауған «табиғат сыйымен» күресуге 4500 адам, 800 арнайы техника жұмылдырылды. Қалалық коммуналдық қызметтерге Алматыдағы әскери оқу орындарының курсанттары көмекке келгенін айта кету керек.
Нұрлан СҮЙІН
Толассыз жауған қалың қардан қаланы тазалауға шыққан коммуналдық қызметтің 15 мекемесінің жұмысы бірнеше есеге артып отыр. Осы жерде, негізінен, олардың міндеттеріне шаһардың көлік жолдарын тазалау кіретінін ескерсек, қаладағы көлік қозғалысы үшін қалың қар «үлкен кедергі» болмағанын да айта кету керек. Бұл тұрғыдан қалалық қызметтер «өз міндеттерін» атқаруға үлгеріп жатты. Қалалық Автомобиль жолдары және жолаушылар көлігі басқармасы мен «Green bus» ЖШС барлық бағыттағы автобус, троллейбустар кестеге сай жұмысқа шықты деп баяндап отыр.
Ал жаяу жүргіншілерге арналған көшелер (тротуар) мен аулалардағы қарды тазалауға бірінші кезекте ПИК-тер мен орталық көшелердегі мекемелер жауапты. Бірақ, қала көшелеріндегі қалың қардың онша «мұрты бұзылмай», жаяу жүргіншілер көп көшеде «толарсақтан қар кешіп» жүрген жайы бар.
Ресми ақпарат бойынша, 16 – 20 қараша күндері қалаға қалыңдығы 57 см. қар түсіп, оны тазалауға білім беру, денсаулық сақтау нысандары мен ПИК-тер бойынша 9151 жұмысшы шығыпты. Қаладан 53,25 мың шаршы метр қар шығарылды. Ресми дерек көздері осылай дейді. Әйтсе де…
«Масылдық санадан» қашан құтыламыз?
«Алматыда 3 күн толассыз қар жауатыны жайында ақпарат алдын-ала таратылды. Қалалықтар да тоқтаусыз қардан соң қала көшелері қандай болатынын біледі. Алдын-ала ақпарат қамсыз қалмауға шақырған ескерту іспетті еді. «Алматы ақшамы» да бұл жөнінде 17 қарашадағы нөмірінде (№136) жазған болатын. Қалалық қызметтер де қар маусымына дайын екендігін (1600 жұмысшы, 763 арнайы техника, 75 мың тонна түрлі қоспа) баяндаған.
Десек те, табиғаттың төрт күндік «тосын сыйына» коммуналдық қызметтер дайын болса да, алматылықтардың «бейқам тұрмысы» дайын болмай шықты. Жағдай қар астындағы аулалар мен көшелерден, «маусымдық дөңгелегі» ауыспаған жеке көліктерден, т.б. көрініп қалды. Бүгінгі Алматының көрінісі – қары тазаланбаған аулалар, «бір аяқ» жол түскен қала көшелері, жол жиегіндегі үйінді қарға «тұмсығын тыққан» жеке көліктер, жол бойында қалдырылып, қар жамылған мәшинелер, т.б. Осының бәрі біздің қамсыздығымыздың, «Үкімет істеуі керек» деген масылдық психологиямыздың айқын көрінісі. Неге бұлай болды? Рас, қала тазалығына жауапты қызметтер, аула тазалығына жауапты ПИК-тер бар. Сонда да Алматы «ортақ үйіміз» емес пе? Оның ортақ аулалары, ортақ көшелері, ортақ саябақтары мен демалыс орындары біз үшін қажет емес пе?
Ендеше, «ортақ үйімізді» таза ұстауға келгенде біздің азаматтық, патриоттық позициямыз қайда? Жалпы, біз «қайда кетіп барамыз?» Үш-төрт күн үздіксіз қар жауғандағы «есігімізді жауып» алған жағдайымыз мынау, есігіміздің алдындағы, жеке ауладағы қарды «тазалап», көшеге, көлік жолына тастаймыз, содан соң сол көшеге, ортақ жолға өзіміз шығамыз. Одан қалды, қалаға шығу қажеттілігіміз болмаса, жағдайды жылы пәтердің терезесінен бақылаймыз. Сыртқа шығуға ерінсек, қоқыс толы «пакеттерді» көп қабатты үйлердің терезесінен лақтыра саламыз. Оны көріп тұрған көршілер «бәлесінен аулақ» деп, тағы да үндемейміз. Неге?
Редакцияға толассыз жауған қардан кейінгі қаладағы жағдай жайында телефон қоңыраулары көптеп келіп жатыр. Дені көшедегі қолайсыздықтар жөнінде: «Ана көшемен жүру мүмкін емес», «Біздің аула тазаланбай жатыр», «Әкімдік не істеп отыр?», т.б. Арасында ұсыныс, ортақ ой айтқан қоңыраулар да бар. Мысалы, «Осындайда неге сенбілік ұйымдастырмаймыз», «Аула қарын көшеге төккендерге шара қолдану керек», «Қалалық қызметтерге, оған көмекке келген курсанттарға рахмет», «Қар тазалауға кедергі келтіріп, көше бойында тұрған көліктерді «сүйреп» тастау керек» деген сияқты.
Жалпы, алматылықтардың көзқарас, пікірлері әр алуан, сан қилы. Десе де барлығымыз бір нәрсені ескерсек. Біз әркімге бұйыра бермейтін бақыт – ең керемет қала – Алматының тұрғындарымыз. Алматы – біздің ортақ үйіміз. Сол үйімізді аялай білсек, табиғаттың «тосын мінезінен» қорғап, қадіріне жетсек. Қаламызға деген қамқорлықта бірге болсақ, қанеки!
Керек дерек
16 – 20 қарашада Алматыға 57 см. қар жауды.
Тау бөктерінде қардың қалыңдығы 70 см.-ден асты.
Жексенбі күні қар тазалауға 4500 жұмысшы, 800 арнаулы техника шықты.
Алматыны қалың қардан тазалауға қала қызметіне көмекке әскери оқу орындарының курсанттары келді.
Алматыда білім беру, денсаулық сақтау, ПИК нысандарында қар тазалауға 9151 жұмысшы жұмылдырылды.
Қаланың ең жас Наурызбай ауданының әкімдігі мемлекеттік қызметкерлерді «бір кісідей» қар тазалауға шығуға шақырды.
Алматыға қалыпты нормадан 3 есе көп қар түсті.
ҚОЛЫМЫЗҒА КҮРЕК ПЕН ҚАЙЛАМЫЗДЫ АЛЫП, АСАР ЖАСАЙЫҚ
Нұржамал БАЙСАҚАЛ
Асар салу, жұмыла қолұшын беру қанымызда бар қасиеттердің бірі емес пе? Бұл жолғы қарашада жауған қар біздің сол қасиеттерімізбен қоса, өзіміз нанын жеп, суын ішіп, өркен жайып өсіп отырған туған қаламызға деген махаббатымызды, оған деген шынайы қамқорлығымызды да сынға салып тұрған секілді.
Сенбілікке жаз бен күзде ғана емес, осындай табиғат тылсым мінез танытқан тұста да шығу керектігін табиғат-ана бізге ескертіп тұрғандай. Қар көп жауса, қарттарымыздың «берекенің басы, молшылықтың көзі, келер жылы шөп шүйгін, егін бітік шығатын болды, бұл құдайдың өзі тегін беріп жатқан су көзі, ылғалы ғой» деп қуанып жататыны бар. Алматыдағы жауған қарды естіген жеріне қар түспеген егінді аймақта тұратын диқандар осы қар Алматыға емес, біздің аймаққа жауса ғой деп тілеп жатса, біз, алматылықтар, қардан шошып, тазалап таста деп байбалам салып жатырмыз. Қардың қала тіршілігіне керы ықпалы барын жоққа шығармаймыз, бірақ, осындай сын шақта қолымызға кетпен-күрегімізді алып, қарбаласқа түсіп жатқан қаламызға неге қолғабыс етпеске, ағайын? Әр мекеме, ұйым, кәсіпорын басшылары өздері бас болып, қолдарына қар тазалайтын күректерін алып, қар тазалауға шықса, қанеки.
ӘР АУЛАДА ИНЕССА СИЯҚТЫ ЖАНАШЫР ЖАНДАР КӨП БОЛСА
Көп қабатты тұрғын үй аулалары туралы айтсақ, ПИК-терге қатысты ішімізде жүрген біраз «запыранымыз» ақтарыла кетер еді. Бірақ, осынша «запыранның» жиналуына біз өзіміз кінәлі екенбіз, оны өз басым көршім Инессаның ПИК қызметкерлеріне қоятын талаптары арқылы көз жеткізе бастадым.
Ол подъезде жарық жанбай қалса да ПИК басшыларына хабарласып, күйіп кеткен жарық көздерін ауыстырып беруді, подъездердің уақтылы жиналып, жуылып тұруын талап етіп отырады. Өткен жылдан бері подъезіміздегі тазалық мәселесі де өз шешімін тапқандай. «Пәтерақысын төлеп отырғандықтан, сол төлемге байланысты қызмет түрлерін де талап етуіміз керек», – дейді Инесса. Солай болуы керек екенін бәріміз білеміз, бірақ, біз «сен тимесең, мен тимен», « айтсаң да тыңдайтын ешкім жоқ» дегенге әбден сүйеніп алғанбыз. Пәтеріміз таза болса болды, подъездің тазалығында, ауланың тазалығында шаруамыз жоқ. Бала ойнайтын жерде ит қыдырып жүрсе де үндемейміз. Сол ауладағы жолмен подъезд арқылы пәтерімізге кіретінімізді ескере бермейміз. Ауламыз таза болса, шаңырағымыздың да ауасы таза, денсаулығымыз мықты болмай ма, ауруды адам сырттан аяғымен басып үйге әкеледі емес пе? Неге осыны ескермейміз? Әр аулада Инесса сияқты жанашыр жандар болса, ауламыз сәнді, подъезіміз таза болары сөзсіз. Бірақ, көпқабатты тұрғын үйде тұратындардың барлығы Инесса секілді «бұл үйде мен тұрамын, менің отбасым тұрады» деп ойлай бермейді ғой.. Кейбір тұрғындар, тіпті, сыртқа шығуға ерінсе, үйлерінен шығарған қоқысын сіздің есігіңіздің алдына, болмаса, лифтінің жанына, шыға беріс жерге тастап кете барады. Ондай көріністерді кешелі бері жекеменшік үй тұрғындарының ауласынан шығарған қарларын үйлерінің іргесінен өтетін көлік жолдарына лақтырып жатқандарынан да байқауға болады. Көлік жүретін көшеге қар тастап жатқан тұрғындар ертең сол көшемен өзі, бала-шағасының жүретіндігін ойламайтындығына еріксіз қайран қаласыз. Ал әкесінің бұл қылығын көрген үйдегі балаларға өзің тұрып жатқан қалаңа қайырымды бол дегенді қалай айтуға болады.? «Тәрбие мен Отанды сүю отбасынан басталады» десек, әркімнің туған қаласына, тұрып жатқан жеріне деген сүйіспеншілігі тәрбиенің тал бесігі – ұшқан ұясынан басталары анық. Қар тазалаудан басталған әңгімеміздің арнасын тәрбиеге қарай бұрып кеткеніміз үшін оқырмандардан кешірім сұраймыз, бірақ, қарашада жауған қар бізге көп жағдайдың тәмсілін ұқтырып, тұрған жеріңе деген жанашырлығыңды бір байқайын деп тұрғандай. Осындайда кетпен, күрек іздегің келіп кететінің даусыз. Айтпақшы, үйіңізде қар күрейтін ағаш күрек бар ма?
Батырхан, Наурызбай ауданының тұрғыны:
Ауласындағы қарды жолға шығарғандарға да айыппұл салу керек
– Өткен аптаның аяғында Алматыға қалың қар жауды. Қаланың ішіндегі жолдың бойы сірескен қарға толды. Әсіресе, Алматының шет жағында тұратын жеке сектор тұрғындары ауладағы қарларын жолдың бойына шығарып, көліктердің де, жаяу жүргіншілердің де жүруіне кедергі келтіріп отыр. Коммуналдық шаруашылық мекемелері сол қарды тазалауға көмек берсе екен дейміз. Ертең қар ерісе, көше балшыққа айналайын деп тұр. Ол кезде жүру тіптен қиындап кетеді. Балалар мектепке бара алмай, қиындыққа тап болады. Қыста қарға батып, көктемде балшыққа батып, машиналар жүре алмайды. Жолды тазалауға көмек сұраймыз. Жергілікті әкімдік бұған немқұрайлы қарамай, дер кезінде шара қолданса екен. Аудан әкімдері құзырлы орган басшыларымен бірге рейдке шығып, ауласындағы қарын жолға тастаған тұрғындарға әкімшілік айыппұл салып, бұл мәселенің шешілуіне атсалысса екен дейміз. Өйткені, бұл тек бір көшеде ғана емес, барлық көшелерде осындай мәселе туындап отыр. Әшейінде, әкімдік қар жинау жұмыстарына мән бермеген кәсіпкерлерге айыппұл салып жатады. Тиісті учаскелерін қардан тазаламағаны үшін дүкендер, дәмханалар, сауда орындарын әкімшілік жазаға тартады. Сол секілді ауласындағы қарды жолға тастаған тұрғындарға да неге айыппұл салмасқа?.. Сонда бірнеше мәселе өздігінен шешілер еді…
Тақырыпқа орай
ҮЙІҢІЗДЕ КҮРЕК БАР МА?
(Біз осы сауалды бірнеше қала тұрғынына қойған едік)
Талғат БАЙЖОМАРТОВ, жеке кәсіпкер:
ҚАЛАҒА КЕЛГЕЛІ ҚОЛЫМА КҮРЕК ҰСТАП КӨРМЕППІН
Алтыншы ықшамауданда көпқабатты үйде тұрамын. Қар тазалаудың, есік алдын сыпырудың қажеттілігі жоқ болғандықтан, үйімізде күрек, тобылғы сыпыртқы да жоқ. Қалаға келгеніме жиырма бір жыл болыпты, анда-санда жұмыс бабымен сенбілікке қатысқаным бомаса, қолыма күрек ұстаған емеспін. Қалада тұратындарға күрек пен сыпыртқының қажеттілігі жоқ деп ойлаймын. Аула сыпырушымыз бар емес пе?
Марат ЖАТЫҚБАЕВ, «Қалқаман» ықшамауданының тұрғыны:
ЖЕКЕМЕНШІК ҮЙДЕ ТҰРАТЫНДАРДЫҢ БЕС ҚАРУЫ сай БОЛУЫ КЕРЕК
Биыл Алматыға қар ерекше жауды ғой. Біз қашанда табиғаттың тылсым мінезіне дайын болуымыз керек деп ойлаймын. Сенбі күні көршім сыпыртқы, ағаш күрек сұрап келіпті. Оны өзім пайдаланып жатқандықтан, дер кезінде бере алмадым. Ал оған дейін әлгі көршімнің бала-шағасы есік алдын басып қалған қарды омбылап сыртқа шығып жатты. Меніңше, жекеменшік үйлерде тұратын тұрғындардың ғана емес, қаладағы биік үйлерде тұратындардың да үйінде тек күрек қана емес, тіршілікке қажетті «бес қаруы» түгел болуы керек деп ойлаймын. Өткен жылы Наурызбай ауданында су тасқыны болғанда жеке үйлерде тұратын тұрғындардың үйінде күрек, кетпен секілді қажетті құрал-саймандардың болмағанын білеміз. Керек тастың ауыртпалығы жоқ. Міне, қалың қар жауды. Үйінде күрегі бар жұрт көшеге шығып, қала шаруашылығына жәрдем беруі тиіс. Біздің Наурызбай ауданының әкімдігі бастама көтеріп, әр тұрғын өз үйінің маңымен қоса, көшелерді, әр мекеме өз ғимаратының төңірегін қардан тазалауға кірісіп жатыр. Жақсы бастама ғой.
МҰНЫ БІЛГЕН ЖӨН
Қар суы қартаю құбылысын тежейді
Қармен бірге қалаға тыныштық келеді екен. Өйткені, жаңа жауған қар дыбыстарды тұншықтырып, адамдардың қаладағы көлік шуы мен көпшіліктің у-шуынан демалуына көмектесетін көрінеді.
Қыстыкүнгі аяз теңіз ауасы секілді кең тыныстауға мүмкіндік береді.
Қар микробтар мен вирустарды ауаның төменгі қабатына түсірсе, ал аяз оларды жоюға көмектеседі.
Жаз мезгіліне қарағанда, қыста оттегі мөлшері 30 пайыз көп болады.
Қардың ақ түсінің жүйке жүйесін тыныштандырып, ағзаны токсиндерден тазартып, тіпті, мидың құрылыс қабатын қалпына келтіретін қасиеті де бар көрінеді.
Қардың еріген суының бетті нәрлендіретін қасиеті де бар. Алғаш жауған қардың суымен бетіңізді жусаңыз, бетіңіз нәрленіп шыға келеді дейді косметолог мамандар. Қардың құрылысы цитоплазма мен ядроға ұқсас болғандықтан, қар суының қартаю құбылысын біраз уақыт тежейтін де қасиеті бар көрінеді.
Ал қар суымен шаш жусаңыз, шашыңыз нәрленіп, сусылдап, жалтылдағыш қасиетке ие болады
Керек дерек
Қалалық Төтенше жағдайлар департаменті қалың жауған қардан қаламыздың Жетісу ауданы аумағында орналасқан «Байсат» базарында сауда контейнерлері аралығындағы металл жабынды шатырдың 720 шаршы метр аумағы опырылып түскенін мәлім етті.
Алматы әуежайында ауа райының қолайсыздығынан
19 рейс кешіктірілген.
Алматыда 75 жол-көлік оқиғасы тіркелді. Оның 17-сінде азаматтар дене жарақатын алған.