29 қаң, 2018 сағат 17:03

Тоқтарәлі Таңжарық: "Ескі қиялдың әлемін елес торлаған"

Танымал ақын Тоқтарәлі Таңжарықтың бір топ жаңа өлеңін оқырман назарына ұсынамыз.

ЖАЛҒЫЗДЫҚ КАРТИНАСЫ 

Түн өксіп ұзақ жылайды… 
Парыз бен сүннет 
Орындалмаған. 
(Ол дағы ескі бір індет). 
Менікі меңіреу үнсіздік. 
(Жолы болмаған). 
Қаланың о бір шетінде айғай-шу, дүрмек. 
Көкжиектің де көрінбес көркем бояуы – 
Желге ұшқан жалғыз қауырсын, 
Тозған бір сурет. 
Санада әбден сарғайған естеліктердің 
өшкен оттарын үн-түнсіз отырам үрлеп. 

Ескі қиялдың әлемін елес торлаған. 
Жолдарды жұтқан жондардай қимылсыз, сұлық. 
Көгершін түстес көңіл-күй құлпыра алмаған: 
Түзге қараған терезе – әйнегі сынық. 
Айналам толы есіктер. Ескі сарайлар. 
Кілітсіз құлпы. 
(Ешқайда жете алман жүріп). 
…Бозамық айдың сәулесін көзімен жұтып, 
Иесіз қалған күшіктер жатады ұлып… 

ҚОҢЫР КӨЛЕҢКЕ 

Сен қайдасың, қоңыр көлеңке? 
Ояу жүрсем де түс көргендей 
Сені сағынам. 
Кәрі еменнен саулаған жапырақты иіскеймін, 
Бірін бірі шимайлаған 
жолдардың өткелінде тұрып. 
Қаңыраған көшелерді жалғыз кеземін 
Иен аралдай көкірегім құлазып, 
Әлі жаттамаған дұғаларды күбірлеймін. 

Ашқылтым түс көріп ұйқымнан оянсам, 
Ойымнан әлдебір әуен сарыны кетпейді – 
Жорылмаған түсім секілді, 
Болжанбаған сағынышқа шомамын. 
Мүлгіген бақта мұңлы әуенді ыңылдап, 
Мен иіскеген жапырақты 
маңдайыңа басып, 
Көлеңкеңнен көлеңке өрбіп, 
Мен кешпеген өзендерді кешіп, 
Мен жаттамаған дұғаларды күбірлеп, 
Сен қайда жүрсің, қоңыр көлеңке?! 



*** 

Екі дәуірдің арасын бөлген 
ақжал толқынды өзен, 
Кешіп өтудің мүмкін еместігін 
жон арқаңмен сезесің. 
Жүзіне Уақыттың мұңлы табы 
ұялаған әлдебір кезең – 
Бозаң да бозғылт торғынға 
жасырған өзінің елесін. 

Егіз қара таудың 
Сілемін бағзы өрмектер қосады – 
Шым-шытырық жолдардың өксігімен өрілген. 
Буырыл 
О бір дүниеде бүлкілдеп бұлақтар жосады, 
Жасыл жамылшынмен көмілген. 

Кешегі көргеніңнің барлығы 
бүгін түс секілді ізім-ғайым. 
Боз жусан жұпарын сімірген 
боздақ қыр құшырлана. 
Ғұмыр-дария – 
Таң мен Кештің өткелегіне 
тіршілік торын жайып, 
Өз несібіңді Тәңірден күту ғана… 



*** 

Мен топыраққа айналған күні 
Алыста тынып аққан өзен тулар. 
Ақжал толқын үстінде шарқ ұрып 
Құстар шулар. 

Мен топыраққа айналған күні 
Бәлкім, күн күркіреп, 
Құяр нөсер. 
Жақпар тастың қалқасына бір шоқ сәуле ұйып, 
Жалғыз шыбық өсер. 

Мен топыраққа айналған күні 
Тіршілік бәз-баяғы қалпында жалғанып жатар. 
Шығыстан шығып 
Күн, Батысқа батар. 

Мен топыраққа айналған күні 
Мүмкін, бір ағашқа ақ шыт байланар. 
Мен топыраққа айналған күні 
Топырақтың өзі топыраққа айналар... 



*** 
Сенің қара меңіңде – 
Дүниенің жылуы. 
Тамар шәрбат сезімге 
Тамшы-нұрдай үзіліп. 

Қара тасқа басылған 
Дұғасындай пірімнің! 
Тумысы үр асылдан, 
Періштесі бүгіннің. 

Сол қара мең кеудеме 
Түсіргендей бір жарық. 
Өзімнен һәм өзгеден 
Жүрем ессіз қызғанып. 

Қалдым меңсіз, қайтейін, 
Бәрі өткінші мен үшін. 
Қиялданам жай тегін, 
Өзге қиыр өрісім. 

...Сенің қара меңің бе? – 
Қабірімнен іркіліп, 
Дидарыңа көмілген 
Топырақтай бір түйір 
Екендігін ұмытпа! 
Егіз мендік жүрекпен. 
Көкірегіңе құйып нәр, 
Түсірмейді ол түнекке!.. 



*** 

Көлге түнеген күміс түн сәулесі зерлі… 
Маңдайда мөлдір сағыныш, сағымы мөрлі. 
Ай қауызынан арманың қауашақ жарып, 
Сен қайда отыр екенсің, қара қыз меңді? 

Айтылмай қалған сөз қанша көкірекке ұйып, 
Сан тарау жолдар шақырар… тамыры тұйық. 
…Жаулығын орап басына, жарым жүр бейғам, 
Қараша айы бүрлеген гүлге су құйып... 

Тоқтарәлі Таңжарық 1982 жылы дүниеге келген. «Түн парақтары» атты жыр жинағы жарық көрген. «Серпер» Жастар сыйлығының иегері. 2014 жылы Польшада өткен «Еуропа ақындарының конкурсы» аясында кітабы поляк тіліне аударылған. Бірнеше жыр мүшәйралардың жүлдегері.