27 там, 2016 сағат 11:16

Тоқтамыс батырдың жетінші ұрпағы туы мен қару-жарағын сақтап отыр

Қазақта ел қорғаған батырлар аз болмаған. Сондай аруақты батырларымыздың бірі – бүкіл Орта жүзге аты мәлім Тоқтамыс Лақаұлы. Абай ауданына барған сапарымызда біз Тоқтамыс батырдың жетінші ұрпағы Ақылтай Әбішевтің шаңырағында болып, батырдың туы мен қару-жарағын өз көзімізбен көріп, куә болдық.

Ту тіккен Тобықтының қолбасшысы


Қарауылдан шыққан жеңіл көлік жер апшысын қуырып жүйткіп-ақ келеді. Көлік тізгінінде аудандық «Абай елі» газетінің бас редакторы, талантты жас ақын Нұржан Байтөс. Жас болса да, көкірегіне көп асыл дүниені жиған зерделі жігіт. Өзі шежірелі, қарт Шыңғыстаудың тарихын да жақсы біледі екен. Тоқтамыс батыр ауылына жақындағанымызда, осы ауылда батырдың жетінші ұрпақтары тұратынын айтты. Елең еттік. Қазіргі күні Алтайдан Атырауға, Арқадан Алатауға дейін созылып жатқан ұлан байтақ жерімізде алшаң басып жүрген болсақ, сол батырларымыздың арқасы екені рас. Батырларымыз найзаның ұшы, білектің күшімен қорғаған қасиетті жердің әр пұшпағы біз үшін ерекше қымбат. Ендеше сол даңқты батырдың ауылына келіп тұрып, ұрпақтарымен қалай кездеспей, тілдеспей кетуге болады? Оның үстіне Нұржан да:
- Бұл «Ту тіккен Тобықтының қолбасшысы, Жуантаяқ Тоқтамыс дейтін кісі» деп Шәкерімнің өзі поэмасына арқау еткен батыр ғой. Ұрпақтары әлі күнге дейін батырдың туы мен қару-жарағын үйінде сақтап отыр, - деп бізді одан әрі қызықтыра түсті.

Иә, естуіміз бар. Осыдан бірер жылдай уақыт бұрын Ұлттық музейдің ғылыми қызметкері Қайыржан Ғизатұлы Қаракерей Қабанбай мен Тоқтамыс батырларға қатысты жаңа жәдігерлердің табылғанын, бірақ оны музейге өткізуге ұрпақтарының құлықты емес екені туралы хабарлаған болатын. Енді міне, елін-жерін қорғаған сол Тоқтамыс батырдың тікелей ұрпағының шаңырағына арнайы ат-басын бұрып, келіп тұрмыз.

- Бұл – Тоқтамыс батырдың жетінші ұрпағы Ақылтай Нұрымханұлы Әбішевтің шаңырағы. Осы шаңыраққа 1979 жылы келін болып түстім. Ол кезде Тоқтамыс батырдың ұрпағына тұрмысқа шыққанымды білмедім, әрине. Бірақ аракідік үлкендер жағы «Бұл киелі шаңырақ, Тоқтамыс батырдың ұрпағының шаңырағы» дегенді сыбырлап болсын айтып қалатын. Ауылға жаңа түскен келін болсам да, үлкен апалар алдымды кеспейтін. Жол беретін. Сөйтсем, батыр атамның аруағын сыйлағандары екен ғой. Тіпті, қазіргі күнге дейін қарашаңырақ деп қасиет тұтады. Негізі өзім де тегін жердің қызы емеспін. Менің ата-бабаларым да қажыға барған адамдар, Сеңкібай дейтін қажының ұрпағымын, - деп әңгімесін бастаған Айжан Қабдрахманқызының әр сөзіне біз де ықыластана құлақ қойдық.

– Сол кезде осы үйдің төрінде үлкен сөмке ілулі тұратын еді. Оның ішінде ақ шүберекке ораулы бір нәрсе болатын. Марқұм енемнің ол сөмкеге ешкімді де жолатпайтынына қарап, оның керемет бір құнды дүние екенін ішім сезетінмін, әрине. Басында сандықта сақтаған. Одан кейін сол сандықтағы дүниені биікке іліп қоятын болды. Өзім тіпті жолауға, ұстауға жүрексінетін едім. Кейін білдім, ол Тоқтамыс батырдың туы екен. Енемнің айтуынша, оның киелілігі сондай, сонау құрғақшылық, жұт жылдары туды алып шыққанда жаңбыр жауып, ел ырысқа кенелген екен. Ал енді мен келін болып түскен жылдары Тоқтамыс батырдың ерлігі, батырлығы туралы жұрт көп ештеңе айта бермейтін. Оған мүмкіндік те болған жоқ. Бәлкім, айтуға қорықты. Өйткені, саясат сондай болды. Тек еліміз егемендік алып, өз қолымыз өз аузымызға жеткен соң ғана Ақылтайдың ағасы Несіптайдың басшылығымен көп нәрсенің беті ашылып, айтыла, жазыла бастады. Ал 1993 жылы сол кездегі «Қызыл ту» совхозының директоры Әбдіғалым Мұздыбаев, батырдың ұрпағы Несіптай Нұрымханов секілді азаматтардың ұйтқы болуымен Тоқтамыс батырдың 270 жылдығы аталып өтіліп, үлкен ас берілді. Батырдың асына ұрпақтары еліміздің түкпір-түкпірінен келді. Маңғыстаудың ақ мәрмәр тасынан Тоқтамыс батырдың кесенесі тұрғызылды. Батыр туралы сол кезден бастап ашық айтылып, кітаптар да жарық көре бастады. Жалпы, батыр туралы Байкөкше ақын үлкен дастан жазған дейді. Бірақ дастанның толық нұсқасы сақталмаған. Одан кейін Ақылтайдың атасы Әбіш ақсақалдың баяндауымен халық ақыны Шәкір Әбенов «Тоқтамыс батыр» деп аталатын дастан жазған. Әбіш ақсақал Шәкір Әбеновті шақырып алып, бір ай ауызша айтып, баяндап беріпті. Шәкір ақын оны дастанға айналдырған. Бірақ соның өзін ұзақ жылдар бойы ешкімге оқытпай, жасырын ұстаған ғой, - дейді Айжан Ғабдуллина.

Шапанының ішіне тігіп, жасырыпты

Тоқтамыс батырдың жетінші ұрпағы туы мен қару-жарағын сақтап отыр


Оның айтуынша, Тоқтамыс батырдың туы мен қару-жарағын бүгінгі күнге жеткізген осы Әбіш ақсақал көрінеді. Әбіш Қарсамбекұлы 1880-1968 жылдары өмір сүрген, ескіше оқыған діндар адам. Кейінгі 50-60 жылдары молда болыпты. Әрі ескіден келе жатқан дастан, қиса, әңгімелерді әдеби тілде шебер жеткізе алатын шежірешілігі де бар екен. Тоқтамыс батыр - Әбіш Қарсамбекұлының төртінші атасы. Сонау қиыншылық жылдары Әбіш ата туды шапанының ішіне тігіп, ал қару-жарағын тауға апарып жасырып ұрпақтарына мирас етіпті. Тіпті, далада болған өрттен найза мен қылыштың сабы жанып кеткен көрінеді. Кейіннен Әбіш ақсақал батырдың жәдігерлерін баласы, Ұлы Отан соғысының ардагері, соғыстан жараланып келгеннен соң арнайы байланыс бөлімінде фельдегер қызметін атқарған, Қазақ КСР-нің Құрмет грамотасымен марапатталған Нұрымхан мен келіні, 2 ұл, 8 қыз тәрбиелеп өсірген «Батыр ана» Жекен Елепбергеноваға табыс етеді. Қазіргі күні Тоқтамыс батырдың қылышы Нұрымхан Әбішевтің үлкен ұлы Несіптайдың үйінде, ал батырдың туы мен найзасының ұшы Ақылтайдың үйінде сақтаулы тұр.

Айжан апай бізге батырдың туы мен найзасының ұшын да көрсетті. Бұл жолы әншейінде сырт көзден жырақ ұстап, қызғыштай қорып ұстайтын батырдың туы мен найзасының ұшын облыстық «Дидар» газетінің фототілшісі Есімхан Орынбаевтың суретке түсіріп алуына рұқсатын да берді.

- Біз қазір туды ақ шүберекке орап, сейфке салып қоямыз. Өзі бөзден жасалған секілді, -дейді Айжан Қабдрахманқызы. Үш ғасырдың куәсі болған ту әбден көнеріпті. Тоқтамыс батыр өмірден озғанда жылына дейін күн мен желдің өтінде көтеріліп тұрған да көрінеді. Жоғарыда сонау аласапыран жылдары батырдың туын Әбіш ақсақалдың шапанының ішіне жасырып, аман алып қалып, ұрпағына аманаттағанын да айттық.
Жалпы, Тоқтамыс батыр қазақ-қалмақ арасында болған үш соғысқа кіріп, үш туға ие болған екен. Кейіннен Мамай батыр да бір кезде Көкенай батырдан алған Тобықты туын батыр інісі Тоқтамысқа табыстапты. Бірақ бұл тудың үш тудың қайсысы екені белгісіз.

Айжан апайдың айтуы бойынша, батырдың туы мен қару-жарағына Алматыдағы Орталық музей де талай «құда» түсіпті. Тіпті, осынау құнды жәдігерлерді сол музейге тапсырып жіберген кез де болыпты. Бірақ осыдан кейін көп ұзамай Нұрмұханның ағасы Әлімхан Қасқабұлақта отбасымен қазаға ұшырайды. Қайғылы қазаның себебін екі ғасырдан астам уақыт бүтіндей бір әулеттің құты мен киесі болып келе жатқан ту мен қару-жарақты музейге тапсырып жібергеннен іздеушілер де табылады. Сөйтіп, Нұрмұхан ақсақал Тоқтамыс батырдың туы мен қару-жарағын музейден кері қайтарып алған көрінеді.

- Осы жолы да Семейдің музейінен адамдар келіп, өтініш айтты. Үйде отағасы да, ұлым да болған жоқ. Келінім екеуіміз ғана болатынбыз. Бірақ бір рет музейге беріліп, алынған нәрсені қайтадан бергіміз келмеді. Осынау киелі жәдігердің ендігі иесі - ұлым Елнұр мен келінім Сандуғаш. Оларға «бұл құнды жәдігер, көздеріңнің қарашығындай сақтаңдар» деп жиі айтып отырамын,- дейді Айжан Қабдрахманқызы.

Кейбір шежіре деректеріне қарағанда, Тоқтамыс батыр 1730-шы жылдардың шамасында Әзіреттің Қаратауындағы Жылыбұлақ деген жерде дүниеге келіп, шамамен 1797 жылдары қаза тапты деседі. Ел аузында Тоқтамыс батырдың ерлігі туралы аңыздар өте көп. Тоқтамыстың алғаш көзге түсіп, жүрек жұтқан ерен ерлігінің тұңғыш танылған тұсы – атақты Шаған шайқасы деседі. Бұл тұста жас Тоқтамыстың осы ұрыстағы кейбір ойда жоқ жерден жөн тапқан ептілігімен тапқырлығы айырықша сөз болады. Шамамен 1750-ші жылдардың орта тұсында болған Шаған соғысына Абылай хан бастаған, Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай қостаған атақты батырлар тегіс қатысады. Ал Тоқтамыстың ерекше ерлік көрсеткен тұсы Аягөз шайқасы. Бұл мөлшермен 1756 жылдары болған. Осы ұрыста иісі Орта жүздің ұранын шақырып, жекпе-жекке түскен Тоқтамыс батыр қалмақтың қос батырын өлтіреді. Ол кездегі соғыс жекпе-жегінің рәсімі бойынша екі жақтың батырлары қандай қару қолданатынын келісіп алады. Үлкендердің айтуына қарағанда,Тоқтамыс батыр бес қарудың бәріне де ұста болыпты. Сол жекпе-жекте өзімен айқасқа түскен қалмақ батырының екіншісін найзаласып жүріп жайратып салады.

Тоқтамыс батыр туралы жергілікті ақын Мерғали Ыбыраевтың зерттеулері, Ұлы Отан соғысының ардагері Ж.Жүнісжановтың «Ту тіккен Тобықтының қолбасшысы» атты естеліктер жинағы жарық көрген. Шәкерім қажының «Еңлік-Кебек» оқиғасын баяндаған дастанында да Тоқтамыс батырдың аты аталады. Жазушы Қабдеш Жұмаділовтің «Дарабоз» шығармасында да Тоқтамыс батырдың ерлігі туралы мәлімет келтірілген.

Алдағы уақытта қырық жылдан астам уақыт мектепте математика пәні мұғалімі болып, былтыр ғана зейнеткерлікке шыққан Айжан апай ұлы Елнұрмен бірігіп Тоқтамыс батыр туралы кітап шығаруды да ойластырып жүрген көрінеді.


Мейрамтай Иманғали
Абай ауданы.