22 шіл, 2021 сағат 21:11

Токиоға барған боксшылардың рационында қазы да бар - бас бапкер


Бокстан Қазақстан ерлер құрамасының бас бапкері Ғалымбек Кенжебаев шәкірттерінің Токио төрінде қалай тамақтанып жүргені туралы мәлімет берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Токиодан БАҚ өкілдерімен Zoom арқылы тікелей байланысқа шыққан бас бапкер Олимпиада қалашығында спортшылар жасалған жағдайға көңілдері толатынын айтты.

«Бәріміз мұндағы жағдайға бой үйретіп болдық. Жасалған жағдай қалыпты, таза, спортшыларға арналған. Бұл жерге біз демалуға келген жоқпыз ғой. Спортшылардың тынығуына қажет жағдайдың бәрі бар. Келдің, тынықтың, жаттығу жасап, жуындың. Ол үшін бәрі бар. Тағамдары да алуан түрлі. Түрлі асханалар бар. Ішінен өзіңе қажеттісін таңдап алуға болады. Ұлттық Олимпиада комитеті де шет қалып жатқан жоқ. Әр кездегідей қосымша тоңазытқышқа бәрін ұйымдастырғанбыз. Әрдайым өзімізбен бірге қосымша тамақ алып жүреміз. Мейіз, жаңғақ, бал, сияқты ағзаға қажет өнімдер бар. Аздап қазы да бар. Бұл бірінші жарыс емес. Сондықтан, бізге бой үйрету үйреншікті жайт», - деді Ғалымбек Кенжебаев.

Бас бапкер бүкіл әлем әңгіме етіп жүрген Олимпиада қалашығындағы пластик төсектер туралы да ойын білдірді. 

«Біріншіден, бұл төсектер ұйықтауға өте қолайлы. Мен алғашында оның картон екенін байқаған жоқпын. Кейін ғана көрдім. Ал матрасы өте жайлы», - деді боксшылардың бапкері.