Токио Паралимпиадасының күміс жүдегері Теміржан Дәулет елордадағы марапат кешінде алтын жүлде алуға не кедергі болғанын айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Құрметті спортсүйер қауым, кеше ғана Токио Паралимпиадасы аяқталды. Паралимпиада спортшылары атынан сіздерге шын жүректен ризашылығымды білдіремін. Біздің бұл жүлделеріміз – мемлекет тарапынан және қазақ халқының спортшыларға көрсетіп келе жатқан қолдауының көрінісі. Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай көк байрағымызды спорт аренасының биігінде желбіретіп, Токио төрінде әнұранымызды шырқаттық. Алда әлі талай жеңісті сәттеріміз болады», - деді ол.
Сонымен бірге, спортшы жарыс кезінде неліктен алтын медаль ала алмағанын түсіндірді.
«Алғашқы күні уақыт жағы және ыстық ауа райы аздап қиындық туғызды. Себебі біздің елмен салыстырғанда 5-6 градусқа ыстық болды. Жалпы дайындығымыз жақсы өтті. Психологиялық тұрғыда да дайын болдық. Токиода өз жерімізде жүргендей сезіндік. Алтынға жете алмағаныма өзім кінәлімін. Асығып, қателік жіберіп қойдым. Қарсыласты шаршатып, уақыт созуым керек еді. Сонда жеңіс менікі болатын еді», - деді Теміржан Дәулет.
Спортшы мемлекет тарапынан алған қаражатын өз қажетіне жұмсайтынын айтты.
«Өзімнің жұмыстарым, қарыздарым бар. Қаражатты өзіме жаратамын», - деді спортшы.
Айта кетейік, Паралимпиада ойындарында Қазақстан 5 медаль алды. Оның біреуі - алтын, үшеуі - күміс, біреуі - қола медаль.
Жалпы командалық есепте қазақстандық спортшылар 51-орынға табан тіреді.
Бүгін Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен Давид Дегтярев III дәрежелі «Барыс» орденімен, Зарина Байбатина, Теміржан Дәулет, Әнуар Сариевтер «Парасат» орденімен, Нұрдәулет Жұмағали «Құрмет» орденімен марапатталды.
Қырымбек Көшербаев іс-шара барысында алтын медаль алған Давид Дегтяревке 106 миллион теңге, күміс медальге ие болған Зарина Байбатина, Теміржан Дәулет, Әнуар Сариевтерге 63 миллион теңге, қола жүлдегер атанған Нұрдәулет Жұмағалиге 31 миллион теңге қаржылай сыйақы табыстады.