18 мау, 2021 сағат 14:44

Токиода табысты өнер көрсету үшін барымды саламын – Елена Рыбакина


Токио Олимпиадасында табысты өнер көрсету үшін барымды саламын. Бұл туралы Қазақстанның бірінші ракеткасы Елена Рыбакина мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қазақстан теннис федерациясы мәлім еткеніндей, Рыбакина төрт жылда бір өтетін әлемдік додаға алғаш рет қатыспақшы. 

Елена, Олимпиадаға жолдама алған кезде қандай көңіл-күйде болдың?

- Әрине, өте қуаныштымын. Осыншама уақыттан кейін әлемнің ең басты жарысында ел намысын қорғау бақыт қой. Дегенмен алда тағы бір «Үлкен дулыға» турнирі – Уимблдон жарысы бар. Әзірге соған дайындалудамын.

Лицензия аламын деп күттің бе?

- Иә, рейтинг бойынша қатысушылардың қатарына қосылатынымды түсіндім. Биыл Билли Джин Кинг кубогында Аргентинамен болған матчта Қазақстан үшін барымызды салдық. Енді, міне, Олимпиадада да ойнамақшымын.

Ендеше, дайындық қандай деңгейде?

- Қазір жыл басындағыдан гөрі өзімді жақсы сезінудемін. Токиода жағдай қалай болатыны жөнінде күні бұрын айту қиын. Өйткені онда өте ыстық болады, жолда ұзақ ұшуға тура келеді. Оған қоса қатаң карантиндік шаралар барлық қатысушыларға оңай тимейтіні анық.

Олимпиадаға дейін қайда боласың?

- Әзірге Уимблдон додасында қалай өнер көрсетемін, соған байланысты. Содан кейін бірнеше күнге үйге қайтамын. Сосын Еуропа не үйде дайындаламын.