31 шіл, 2021 сағат 12:40

Токио Олимпиадасында коронавирус жұқтырған адам саны 250-ге жуықтады


Өткен тәулікте Олимпиадада тағы 21 адамның коронавирусқа тапсырған тесті оң нәтиже көрсетті, деп хабарлайды Хабар24kz сайты.

Сөйтіп, дүбірлі дода қатысушылары мен делегаттары арасындағы вирус жұқтыру оқиғалары 250-ге таяп қалды. 

Жалпы шара өтіп жатқан Токио халқы арасында вирус жұқтырғандар көп. Осыған байланысты төтенше жағдай тәртібі 31 тамызға дейін ұзартылды. Соңғы кезде қалада ахуалдың нашарлауы Олимпиадамен байланысты деген әңгімелер айтылып жүр. Алайда осы күнге дейін шара қатысушыларынан жергілікті тұрғындарға індеттің жұғу дерегі тіркелмеген. 

Мамандардың түсіндіруінше, бәріне «дельта» штамы себеп. Сондай-ақ вакциналау науқанының баяу жүруі де әсер еткен болуы мүмкін. 

«Билік вирустың таралуын тежеу үшін төтенше жағдай тәртібін ұзартты. Алайда оның пайдасы шамалы сияқты. Өйткені бұл тәртіпке қарамастан мейрамханалар жұмыс істеп тұр. Адам көп. Меніңше, билік тұрғындардың жүріс-тұрысын шектеуі керек. Мүмкін сонда бұл шара өз тиімділігін көрсететін шығар», - дейді жергілікті тұрғын Наоки Тамура.