Қазақстандық боксшы Василий Левит Токио Олимпиадасының ширек финалына шыға алмады, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
91 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен ол 1/8 финалда испаниялық Эммануэль Рейеспен жұдырықтасты.
Жекпе-жек өте тартысты басталған. Бірінші раунд испаниялық боксшы Эммануэль Рейестің пайдасына шешілді. Ал екінші раундтың басында Левит қарсыластың сериялық соққысынан кейін нокаутқа түсіп қалды. Бірақ аяғына тұрды. Төреші оның теңселіп тұрғанын көріп, жекпе-жекті тоқтатты.
33 жастағы Левит - Қостанай облысының тумасы. 2016 жылы Рио Олимпиадасының финалында жеңіліп, бұл жекпе-жек жанкүйерлер мен сарапшылар арасында дау шығарған болатын. Одан бөлек, Левит 2017 және 2019 жылдары әлем чемпионатында қола медаль алған, 2009, 2015 және 2017 жылдары Азия чемпионы атанған. Биыл құрлықтық жарыста күміс медаль еншілеген болатын.
Олимпиаданың 1/8 финалында Қазақстанның екінші боксшысы жарыс жолынан шығып отыр. Бұған дейін 69 келіге дейінгі салмақта Абылайхан Жүсіпов ширек финалға шыға алмаған еді.
Ал, Серік Теміржанов (57 келі), Закир Сафиуллин (63 келі) мен Сәкен Бибосынов (52 келі) алғашқы жекпе-жектерін сәтті өткізді.
Одан бөлек, рингке шықпаған Әбілхан Аманқұл (75 келі), Бекзат Нұрдәулетов (81 келі) пен Қамшыбек Қоңқабаев (91 келіден жоғары) сынды боксшыларымыз бар. Ал әйелдер арасындағы бокста ел намысын жалғыз Надежда Рябец (75 келі) қана қорғайды.
Еске салайық, қазір Қазақстан қоржынында үш медаль бар. Дзюдошы Елдос Сметов, ауыратлеттер Игорь Сон мен Зүлфия Чиншанло қола медаль иеленген болатын.