01 там, 2021 сағат 17:58

Токио Олимпиадасы: Қамшыбек Қоңқабаев жартылай финалға шықты


Қазақстандық боксшы Қамшыбек Қоңқабаев Токио Олимпиадасының ширек финалында қарсыласын жеңіп, жартылай финалға шықты, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Қазақстан құрамасының капитаны Қамшыбек Қоңқабаев ауыр салмақта ресейлік Иван Верясовқа қарсы жекпе-жекке шығып, 4:1 есебімен жеңіске жетті.


Қазақстандық спортшының бүгінгі қарсыласы Иван Верясов 1993 жылы дүниеге келген. Әуесқой бокста қазірге дейін 281 жекпе-жек өткізіп, оның 255-де жеңіске жеткен. Әзірге әлемдік және құрлықтық чемпионаттарда жүлдегерлер қатарынан көріне алған жоқ. 

Еске салсақ, биылғы Олимпиадаға ерлер құрамасынан 8 спортшы барды. Олардың арасынан Қамшыбектен өзге Сәкен Байбосынов (52 келі), Закир Сафиуллин (60 келі) жарысты жалғастыруда. 

Ал Серік Теміржанов (57 келі), Абылайхан Жүсіпов (69 келі), Әбілхан Аманқұл (75 келі), Бекзат Нұрдәулетов (81 келі), Василий Левит (91 келі) қарсыласына есе жіберіп қойды.