23 шіл, 2021 сағат 18:01

Токио-2020: XXXII жазғы Олимпиаданың ашылу салтанаты басталды


Дәл қазір Жапония астанасы Токио қаласында XXXII жазғы Олимпиаданың ашылу салтанаты басталды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Биыл дүбірлі додада 33 спорт түрінен 339 медаль жиынтығы сарапқа салынады. Олимпиада бағдарламасына бейсбол/софтбол, каратэ, серфинг, спорттық құзға өрмелеу және скейтбординг секілді спорттың бес түрі енгізілген. 

Алдын ала мәлімет бойынша айтулы аламан бәсекеге жер бетіндегі 206 мемлекеттен 11 мыңнан астам спортшы қатысады деп күтілуде. Жарысқа қатысушылардың тең жартысына жуығы әйелдер болмақ. Ұйымдастырушылар оның гендерлік теңдікті білдіретінін айтады.

Аталған шараны ұйымдастыруға жауапты мамандардың айтуынша, Токио төріндегі айтулы шара елдің есінде инновациалық Олимпиада ретінде ерекшеленетін болады.

Қазақстандық 97 спортшы күншығыс елінде спорттың 28 түрінен бақ сынайды. Қазақстан Ұлттық олимпиадалық комитеті айтулы аламанға баратын тізімді нақтылау мақсатында іріктеу және рейтингтік жарыстары аяқталғаннан кейін қорытынды шығарды.

Токио төрінде Қазақстан жалауын қызылордалық боксшы Қамшыбек Қоңқабаев пен жеңіл атлет Ольга Рыпакова ұстап шығады. 

Биыл Олимпиада өзінің тарихында 32-мәрте жалауын желбіретеді. Тұңғыш рет 1896 жылы Грекия жерінде басталған айтулы спорт додасы содан бері барша адамзат баласының қызыға тамашалайтын бәсекесіне айналды. 

Әлем жұртшылығы АҚШ-ты аталған сайысты ең көп ұйымдастырылған ел ретінде таниды. Онда 4 рет жазғы және 4 рет қысқы Олимпиада өткізілген. Ал Франция 2 жазғы, 3 қысқы аламанның алауын жақты. Одан кейінгі кезекте Ұлыбритания 3 рет (3/0), Германия 3 рет (2/1), Жапония, Италия, Канада 3 рет (1/2) осындай сенімге ие болған. 

Айта кеткен жөн, жарыстың ашылу салтанатына Халықаралық Олимпиада комитетінің (ХОК) Президенті Томас Бах пен Жапония императоры қатысуда.