Қазақстандық теннисші Елена Рыбакина Токио Олимпиадасының жартылай финалында жеңілді, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Рыбакина жартылай финалда швейцариялық Белинда Бенчичпен кездесті. Бірінші сетте қазақстандық теннисші 5:2 есебімен жеңіп жатып, 6:7 есебімен жеңілді. Ал екінші сетте Рыбакина қарсыласынан 6:4 есебімен басым түсті. Бірақ қазақстандық теннисші үшінші сетте қарсыласына 3:6 есебімен жол берді. Матч 2 сағат, 46 минутқа созылды.
Енді Рыбакина украиналық Элина Свитолина мен чехиялық Маркета Вондрусова жұбының жеңілгенімен қола медальді сарапқа салады.
Еске салайық, кеше қазақстандық теннисші ширек финалда әлемнің экс-бірінші ракеткасы испаниялық Гарбинье Мугурусаны жеңген болатын.
Айта кетейік, қазір Қазақстан қоржынында үш медаль бар. Дзюдошы Елдос Сметов, ауыратлеттер Игорь Сон мен Зүлфия Чиншанло қола медаль иеленген болатын.