Токио Олимпиадасында қазақстандық Милад Карими спорттық гимнастикадан кермеде жаттығу жасауда финалда жүлдегерлер қатарынан көріне алған жоқ, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Оның көрсеткіші -11.266. Қазақстандық спортшы осылайша жүлдеге ілігетін спортшылар тізімінен шығып қалды. Ол бұдан бұрынғы іріктеу сатысында 14.766 көрсеткішімен екінші орын алған еді.
Еске салсақ, бұдан бұрын көпсайыста 14-орын алса, еркін жаттығу сайысының финалында бесінші орын алды.
Милад Карими бұдан бұрын Азия чемпионатында үш мәрте жүлдегерлер қатарынан көрінсе, 2019 жылы Жазғы универсиадада күміс жүлдегер атанды.
Бүгінге дейін Токио Олимпиадасында қазақстандық спортшылар үш қола медаль алды. Олардың қатарында дзюдошы Елдос Сметов , ауыр атлеттер Игорь Сон мен Зүльфия Чиншанло бар.
Қазақстандық боксшылар - Сәкен Бибосынов (52 келі) пен Қамшыбек Қоңқабаев (91 келіден жоғары) жартылай финалға жолдама алды.