28 шіл, 2021 сағат 01:12

Токио-2020: Медальдар кестесінде Қазақстан қай орында тұр?


Жапония астанасы Токио қаласында өтіп жатқан Олимпиада ойындарында 27 шілдедегі медальдар есебі жарияланды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Айта кетейік, әзірге Қазақстан құрамасының қоржынында үш қола медаль бар. Алғашқысын 24 шілдеде дзюдошы Елдос Сметов иемденсе, одан кейінгі екі медальды 25 және 26 шілдеде ауыр атлет Игорь Сон мен Зульфия Чиншанло алды.

Осылайша үш қола медаль алған ел құрамасы жалпы командалық есепте 47-орынға табан тіреді. Украина құрамасының да қоржынында үш қола бар.

Қазірге дейін 56 мемлекеттен келген спортшылар медаль алып үлгерді.

Медаль алу жөнінен Жапония көш басына шықты. Оның еншісінде 10 алтын, 3 күміс, 5 қола медаль бар.

Екінші орындағы АҚШ-қа әзірге 9 алтын, 8 күміс, 8 қола бұйырды.

Ала Қытай 9 алтын, 5 күміс, 7 қоламен үшінші орында тұр.

Токио Олимпиадасында медаль алған ел құрамаларының 27 шілдедегі алғашқы ондықтағы кестесі төмендегіше:

1. Жапония - 10-3-5

2. АҚШ - 9-8-8

3. Қытай - 9-5-7

4. Ресей - 7-7-4

5. Ұлыбритания - 4-5-4

6. Оңтүстік Корея - 3-2-5

7. Австралия- 3-1-5

8. Канада - 2-3-3

9. Франция - 2-2-3

10. Германия - 2-0-3

Биыл дүбірлі додада 33 спорт түрінен 339 медаль жиынтығы сарапқа салынады. Айтулы аламанға жер бетіндегі 206 мемлекеттен 11 мыңнан астам спортшы қатысуда.

Бұған дейін Қазақстан құрамасы алты Жазғы Олимпиадада бақ сынады. Жалпы алғанда 21 алтын, 28 күміс, 64 қола медаль алды.