Токио Олимпиадасында қазақстандық Қамшыбек Қоңқабаев (91 келіден жоғары) жартылай финалда АҚШ боксшысы Ричард Торрезбен қолғап түйістірді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Жартылай финалда жерлесіміз америкалық боксшы Ричард Торреспен кездесті. Жекпе-жектің бірінші раундында америкалық боксшының басымдығы аңғарылды. Бас кезінде Қоңқабаев қашып бокстасты. Жойқын соққыларын шебер орындай білді. Қарсыласы да қарап қалған жоқ. Дегенмен бірінші раундта бес төрешінің төртеуі америкалық боксшыға жоғары ұпай берді. Ал екінші раундтың соңында Қоңқабаев нокдаунға түсіп қалды.
Үшінші раундта екеуі ашық бокстасты. Бірақ қазақстандық спортшы ештеңе өзгерте алмады. Ауыр жарақат алып қалды. Содан дәрігер жекпе-жекті тоқтатуға шешім қабылдады. Осылайша Қоңқабаев қола жүлдені қанағат тұтты.
Қазақстандық боксшы бұдан бұрын мысырлық Юсри Резк Мұстафа Хафез бен ресейлік Иван Верясовты жеңді.
Бүгінгі қарсылысы Ричард Торрез 1999 жылы 1 маусымда дүниеге келген. Қазірге дейін әуесқой бокста 60 жекпе-жек өткізіп, оның 51-де жеңіске жеткен. 2016 жылы жастар арасындағы әлем чемпионатында қола жүлдегер атанды. Ал 2019 жылы Панамерикан ойындарында да дәл сол жетістігін қайталады. 2019 жылғы әлем чемпионатында ол ширек финалда қарсыласына нокаутпен ұтылды. Әзірге басқа қол жеткізген табыстары жоқ.
Аталған салмақта өзбекстандық Баходир Жалолов жартылай финалда ұлыбританиялық Фрейзер Кларкты жеңіп, финалға жолдама алды.
Еске салсақ, биылғы Олимпиадаға ерлер құрамасынан 8 спортшы барды. Олардың арасынан Қамшыбектен өзге Сәкен Бибосынов (52 келі) 5 тамызда жартылай финал ойынын өткізеді.