27 шіл, 2021 сағат 18:40

Токио-2020: Елена Рыбакина ширек финалға жолдама алды


Токио Олимпиадасында сынға түсіп жатқан теннисші Елена Рыбакина ширек финалға жолдама алды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Қазақстандық теннисші 1/8 финалда хорватиялық Донна Векичпен шеберлік байқасты. 

Қарсыласын екі сетте 7:6, 6:4 есебімен жеңіп, ширек финалға шықты. 

Енді ол испаниялық Гарбинье Мугурусомен тайталасқа түседі. 

Айта кетейік, алғашқы кездесулерінде ол австралиялық Саманта Стосур (6:4, 6:2) және швециялық Ребекка Петерсон (6:2, 6:3) сынды қарсыластарын қапы қалдырып кетті. 

Теннистен Қазақстан әйелдер құрамасында бұған дейін Зарина Дияс, Ярослава Шведова және Юлия Путинцева жарыс жолынан шығып қалды. 

Сондай-ақ, бүгін Михаил Кукушкин ерлер арасында 1/8 финалда беларусьтік Илья Ивашкоға есе жіберді. 

Биыл дүбірлі додада 33 спорт түрінен 339 медаль жиынтығы сарапқа салынады. Айтулы аламанға жер бетіндегі 206 мемлекеттен 11 мыңнан астам спортшы қатысуда.

Қазақстандық 97 спортшы күншығыс елінде спорттың 28 түрінен бақ сынайды.