26 шіл, 2021 сағат 23:02

Токио-2020: Бибосынов француз боксшысымен жекпе-жекке шығады


Жапония астанасы Токио қаласында өтіп жатқан Олимпиада ойындарында қазақстандық боксшы Сәкен Бибосыновтың қарсыласы анықталды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Қазақстандық спортшы 52 келідегі алғашқы жекпе-жегінде Пуэрто-Рико елінен келген Янкьель Ривера Фигероаны тізе бүктірді. 

Ол енді 1/8 финалда франциялық Билал Беннаммен қолғап түйістіреді. 

Билал Беннам - тәжірибелі боксшының бірі. Ол 2019 жылы Ресейдің Екатеринбург қаласында өткен әлем чемпионатында қола жүлдегер атанды. 

Аталған жарыста олар 49 келі салмақта жұдырықтасқан еді. 

2020 жылғы Олимпиадада Қазақстан атынан тоғыз боксшы бақ сынауда. Оның 8-і - ерлер, біреуі - әйелдер бәсекесінде шаршы алаңға шығады. 

Айта кетейік, бұған дейін Сәкен Бибосыновтан өзге Серік Теміржанов (57 келі) пен Закир Сафиуллин (65 келі) алғашқы кездесуін сәтті өткізіп, жарыстың келесі сатысына шыққан болатын.

Ал 27 шілдеде Абылайхан Жүсіпов (69 келі) пен Василий Левит (91 келі) алғашқы жекпе-жегін өткізеді.