27 қар, 2017 сағат 12:42

"Қандай суық xабары қарашаның..."

Белгілі жазушы, сыншы, әдебиет пен өнер зерттеушісі, белгілі абайтанушы Төкен Ибрагимов 79 жасқа қараған шағында дүниеден озды. Қазақ руханияты қара жамылды. Қаралы қабарға қабырғасы қайысқан ақындар өкінішін өлеңге төкті. Тыныштықбек Әбдікәкімұлы мен Мерей Қарттың өлеңін оқырман назарына ұсынамыз.

Төлеужар Ибраһим рухына

Уай, Қара Шал,
Біресе, ашып тастап өлең аңқыған Түнге есік,
Біресе, көңілімізден Күн көшіп,
Біресе – пенделерге мінгесіп, 
Періштелермен үндесіп, біресе,
Тірлік етіп келдік, соңыңнан құбыла ілесе.
Тұрмыз енді алтын сүйегіңді күзетіп.
Мұндайда, 
Барша қызықтан
Бір тамшы көз жасы ауыр, мың есе!

Өмір дегенің – көлеңкесіндей ғана жұмақтың.
Ұзағанда, – бір-ақ күн.
Сол, бір-ақ күннің мыңжылдық тауқыметіне
Сен секілді өте алады шыдап кім!
Алыс та болса Алашыңа тілеген мұрат тым,
Абайдың жұпар жырымен Дала балбалдарын да жылаттың!..

Міне,
Қара Күз бізге қапалы қар-көзімен де қарайды.
Мұңайған мұз-көзімен де қарайды.
Әлі талай да талай өкінерміз, жарайды.
Сен, сірә, Құдаймен келісіп,
Іздеп кеттің-ау Ибраһим-Абайды!..

Жамандықта болмас ымыра.
Уақыт – ғайып зымыран.
Үйренсек едік,
Өзіңдей
Көненің дана...лығынан!..
Арттағыға сенен де сөз қалды,
Аузыңнан көркем бұрқырап ақылыңдағы шұғылаң!

Иә, Қара Шал,
Жақсының көкірегіндегі қиял – бай,
Басынан жасыл ну қаулатқан бұландай!..
Жаныңды нұрға бөлемеп едік тіріңде.
Тәніңді гүлге бөлеп қойдық, ұялмай...
Енді, 
Жарқын бейнең ғана – жұбаныш,
Жадымызға жазып қалдырған дұғаңдай.
Қош бол, Қара Шал!

25. 11. 2017.

Тыныштықбек Әбдікәкімұлы

Қош бол, Қара шал!

(Төкен Ибраhим руxына)

Қара жерге қимасым, Қара Шалым,
Ажалдың тырнағынан араша кім!
Өңменімнен өтті ғой, қайғы желі,
Қандай суық xабары қарашаның!..

Күңірентіп кеттің-ау маң даланы,
Аңыздайын Абызым, асыл сүйек!
Жаным бірге ұшардай қомданады,
Тәнім тұр табытыңа басын сүйеп.

Шақ еді ақылыңның нәрін ұрттар,
Шарасыз жүрегіміз көндігеді.
Күрсінді түніменен кәрі бұлттар,
Қараша – Қара Шалдың соңғы демі.

Абай! Абай!-деп кеттің келмесіңе.
Табысарсыз Алашшыл арыстарға.
Еріп келе жатырмыз ел көшіне,
Тәніңізді мәңгіге табыстауға.

Тауларым-ай, тағы да аласардың,
Шек бар ма жаратқанның әміріне!
Қара да тұр , көктемде Қара Шалдың,
Өлең көктеп тұрады қабірінде!

Мерей Қарт