Төкен ИБРАГИМОВ, әдебиетші ғалым, абайтанушы:
– Біз әдетте Абаймен мақтанамыз, «кемеңгер ақынымыз», «ұлы ойшылымыз» дейміз. Бірақ мақтану бір бөлек те, бағасына жету бір бөлек. Осы тұрғыдан алғанда, Абайды қаншалықты тани алдық?
– Шынымен де, екінің бірінің айтатыны – Абай. Кейде тіпті «Алла» дегеннен де «Абай» деген күштірек сияқты сезіледі. Ойлап қарасаң, Абай әлемі ерекше терең, көп қыртысты, қатпары мол, ойының өзегі өзгеше, қат-қат. Біз бірақ кейде соны сезінбей, сөздің сыралғысы ретінде айтамыз, Абайды әңгімеге қоссақ, сөзіміз дәмді болатын сияқты көрінеді. «Абайтану» дегенде де, жұрт Абайды зерттеліп болғандай, ол туралы бәрі айтылып біткендей көреді. Алайда әр кезеңде де абайтанушының, оған ден қоюшының алдында тың сұрақтар тұрады. Сондықтан да «Абайды толықтай танып болдық» деу – артықтау. Өйткені абайтану әр кезең сайын жаңа қырларды алдыға тартады, демек, бұл – қазір жаңадан басталып жатқан күрделі процесс. Абайды, Абай әлемін тану, оның әр сөзін, ой астарында жатқан әрбір ұғымдарды, құбылыстарды тану көптеген жаңа дүниелерді алдыға тартып отырған жайы бар. Абайды өзінің айналасынсыз, ортасынсыз, өзінің алды мен өзінен кейінгілерсіз қарастыру дұрыс болмаған болар еді. Мысалы, Абай шәкірттерін, Абай ортасын игермей, зерттемей, Абайды толықтай тану мүмкін емес. Мысалы, Шәкәрім әлеміндегі Абайды танымай, Абайды тану толық бола алмайды деп ойлаймын. Сол сияқты, Көкбайдағы Абай, Ақылбайдағы, Мағауиядағы, Уайстағы Абай, Абайдың соларға ықпалы, сол әсерден туған жаңа ұғым, таным деген нәрсе тың тұрғыда, жан-жақты ойлануды талап етеді. Дегенмен біз бұған әлі де терең бойлай алған жоқпыз.
– Сіздіңше, абайтанудың күрделі болу себебі неден?
– Бұл мәселенің күрделі болу себебі Абайдың өз әлемінің күрделілігімен байланысты. Өйткені әлемдік озық ойлар Абай ойынан, өлеңінен көрініс тапқан. Абай әлемі – батыстық, шығыстық озық әдебиеттің, өнердің, ойшылдықтың қат-қат сырларымен суарылған әлем, сонымен қалыптасқан, көмкерілген дүние. Оны танып-білу, әрине, оңайға соқпайды.
– Ал Абайдың ақын, адам, тұлға ретінде қалыптасуының түп тамырын қайдан, неден іздеген жөн?
– Ең бірінші, кез келген тұлға өзінің табиғи жаратылысымен, болмысымен ерекше. Сонымен бірге оның бүкіл білімімен, жиған нәрімен, дүниетанымымен астаса отырып туған дүниесі, әрине, оңай болмайды. Өзіңіз білесіз, Абай ақын да, жазушы да, ағартушы да, қайраткер де болды. Бірақ оның бірде-бір қызметі шығармашылығына кедергі болған жоқ, қайта дамытты, танымын ұлғайтты. Қайшылық – Абайда емес, қоғамда болды. Абайдың ең ұлы дүниесі – адамды тануға ұмтылуы, адамның санасындағы, ұғымындағы қайшылықтармен күресуі болды. Мысалы, «Мыңмен жалғыз алыстым, кінә қойма» дейді. Осындағы «мың» дегенді жұрттар: «Оразбай сияқты бай-шонжарлар, зорлықшылдар мен өктем күштер» деп ойлайды. Алайда олар – тек бір жағы ғана. Шындығында, бұл – адам табиғатына тән мың мін, толып жатқан кемшілік. Былайша айтқанда, адамның болашағына зиянын тигізетін, дүниетанымын тұсайтын түрлі олқылықтар мен жетімсіздіктер.
– Абайдың өзі сол адами кемшіліктер мен міндерден ада әрі биік бола алды ма?
– Біздің Абайды «құдай» деп қарауға қақымыз жоқ. Олай болатын болса, Абайда да пенделік бар. Бірақ пенделікті тек қана кемшілік деп кім айтты? Олай болуы мүмкін емес қой.
– Абайдың өмірі қаншалықты мұңсыз болды деп ойлайсыз?
– Абайдың тұла бойы – тұнып тұрған мұң. Әсілі, адамзаттың ойын дұрыстыққа, ізгілікке, жаңа бағытқа бастаймын деп, мың мінмен, кемшіліктермен алысып жүрген адам қалай мұңсыз болады? Өлеңдерін қарап отырсаң да, Абайдың ерекше бір риза болған, «болып-толдым» деген сәттері өте сирек, тіпті жоқ. Титтей кемшіліктің өзін көріп, біліп, танып, аяусыз сынға алады. Ұстараның жүзімен, қандауыр тілмен, қара қанын ағызып тұрып, адамның санасын содан тазартып отырғысы келеді. Бұл жағынан алғанда, Абай – нағыз мұңды жалғыздың өзі.
– Ал, жеке өмірі тұрғысынан алғанда ше?
– Отбасылық мәселеге келгенде, Абай кез келген ата арман ететіндей жақсы ұлдардың әкесі болды. Мейлі Ақылбай, мейлі Әбдірахман, мейлі Мағауия болсын, қай-қайсысы да бір-бір тұлға болатын. Тек солардың дүниеден жастай өтуі, өмірінің қысқа болуы Абайдың қабырғасын ерекше қайыстырып кетті. Ақынның жарлары да – аяулы аналар. Бірақ олар да кемшіліктен ада емес. Мысалы, Абайдың: «Жақсы айғырда бие жоқ ат туарлық» деген сөзі бар. Мұны «жылқы» ұғымында ғана түсінбеу керек, ұрпақ мәселесі ретінде қараған абзал.
– Өзіңіз айтқандай, Абай ұлдарының әрқайсысы өзінше бір тұлға болды. Бірақ қандай жағдайда да, «әке – балаға сыншы» ғой. Мысалы, балалары Абайдың көңілінен шыға алды ма?
– Әрине, балаларының бәріне де Абайдың көңілі толды. Бірақ ақынның перзенттерінен күткен арманы түгелдей орындала берген жоқ. Кейбір міндерін ашық айтты да. Мысалы, «Ата-анаға көз қуаныш» атты өлеңінде аса талантты ақпа ақын, әнші, күйші Ақылбайдың өзіне мін тағады. Алайда мұнда тек Ақылбайды ғана сынап отырған жоқ, атаның балаға артар жүгі, үміті турасында сөз қозғап, бүкіл ұл атаулыға салмақ салып отыр.
– Ал Абайдың дінге көзқарасы, діни ұстанымы туралы не ойлайсыз? Бұл бағыттағы ұстанымы ақынның шығармашылығынан қаншалықты көрініс тапты?
– Абай – үлкен дінтанытушы. Бірақ «дін таныту» дегенді біз көп ретте ұға бермейміз. Мысалы, дін дегеніміз – сенім. «Алла» дейміз, «құдай» дейміз. Абай сөзінде мұның бәрі бар. Дүниеге көзқарас, уақыт, мұсылмандық шарттары, сонымен байланысты ақынның өзіндік ойы айтылады. Тіпті бір өлеңінде «Алла деген сөз жеңіл, Аллаға ауыз жол емес. Ынталы жүрек, шын көңіл, Өзгесі Хаққа қол емес» дейді. Қалай дәл айтылған! Расымен де, кейде жай ғана «Алла» деп айта саламыз, ешқандай сезіміміз, жүрегіміз қосылмайды. «Ауызша» деген сол ғой. Ал шын пейіліңмен, жан-жүрегіңмен сезініп, ұғынып барып айтсаң, сенсең, сонда ғана жаңағы «Алла» дегенің Хақ болады, яғни бұл жүректен шығуы тиіс. Абайдың Алла, Тәңір туралы ерекше сөз қозғайтын тұсы – Әбдірахманның ауруымен байланысты. Бірақ бұл баласы үшін күйінген әкенің сөзі ғана емес, мұнда терең көзқарас бар. Тағы бір өлеңін алып қарайық:
_Махаббатпен жаратқан адамзатты,
Сен де сүй ол Алланы жаннан тәтті.
Адамзаттың бәрін сүй
«бауырым» деп,
Және Хақ жолы осы деп әділетті,_ – дейді. Қарап тұрсаңыз, осында үлкен қайшылық жатыр. Өйткені дінге салсаң, адамзаттың бәрін жақсы көру шарт емес. Тіпті дін жолымен кәпір атаулыға майдан ашып, өлтіруге, қырып-жоюға болады. Ал Абай болса, «адамзаттың бәрін «бауырым!» деп сүй» дейді. Неткен үлкен жүрек! Менің білуімше, мұндай ойды тіпті Сократ та, Платон да, Аристотель де айтпаған, бұл – Абайдың ғана аузынан шыққан сөз. Және мұны түсіну – өте күрделі дүние. Мысалы, «адамзаттың бәрін сүй» дей салса да болады ғой. Абай «бауырым деп сүй» дейді. Осы «бауырым» деген нәрсе – әлемдік ойға Абай әкелген үлкен жаңалық. Енді 37-ші қара сөзге барыңыз: «Әкесінің баласы – адамның дұшпаны, Адамның баласы – бауырың». Бұл – адам танудағы өте тың нәрсе. Шынымен де, әкеңіздің ғана баласы болсаңыз, бүкіл дүниені, бүкіл жақсылықты әкеңізге тартар едіңіз. Сондықтан да әкенің ғана емес, адамның баласы болу деген – өте абыройлы, жауапты парыз.
– Демек, бұдан «Абай кез келген нәрсеге философиялық тұрғыдан қарады» деген ой туады ғой...
– Бір анығы, Абай кез келген нәрсеге үлкен мән берген. Бұл – Сократ пен Платоннан болмаса Аристотельден Абай озып кетті деген сөз емес, Абайдың әлемдік ойға ой қосып, ұлылармен терезесі тең тұрғандығының айқын дәлелі.
– Сонда әдебиетші ғалымдарымыз Абай ойының осындай қырларына, ерекшелігіне онша бойламай жүр деп ойлайсыз ба?
– Сөз жоқ, Абайды тану жаңа басталды. Бұған дейін көбінесе ақын өлеңдерін тек мазмұндық, көркемдік жағынан, кезеңдік талаптарға орай түсіндіріп келдік. Одан тереңірек талдауға, салмақтауға ғалымдарымыздың енжарлығы, керек болатын болса, өресі жетпей жүр. Мына бір өлеңін қараңыз: «Үш-ақ нәрсе адамның қасиеті: ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек». Мысалы, ыстық қайрат арқылы Мұзды мұхиттың мұзын ерітуіміз керек, ол үшін қару керек, ол қару – ақыл. Онда да ол нұрлы ақыл болуы қажет. Өйткені кейде жауыз да дана болып келеді. Енді осының бәрі – қайрат та, ақыл да кімге қызмет етуі керек? Адамға. Ал күллі игілікті адамның пайдасына, онда да сүйіспеншілікпен, махаббатпен жұмсау үшін, пайдалану үшін жылы жүрек қажет. Бұл деген ғажап емес пе!
– Мұншама ойшыл, мұншама дана Абайдың шығармашылықтан сырт, билікке араласуына не түрткі болды?
– Абайдың билікке араласуына себепкер болған,ең алдымен, әкесі Құнанбай. Бірақ ойлы, саналы адамдар қоғамның, адамның кемшілігін түзету, елді жарқын жолға бастап, жоқ-жітіктер мен әлсіздерге теңдік алып беру үшін, сөз жоқ, билікке араласады. Мысалы, сайлауға Шоқан да түскен, бірақ өтпей қалған. Ал Абай үш рет болыс болған.
– Абайдың «Қазақты түзеймін деген адамға зор билік немесе мол дәулет керек» деген мағынада айтқан сөзі бар. Бұл жағынан алғанда, Абайда билік те, байлық та жеткілікті болды. Солай бола тұра, халқын жөнге сала алған жоқ. Керісінше, таяқ жеді. Мұны қалай түсінуге болады?
– Абайдың: _«Заманға жаман
күйлемек,
Замана оны илемек,
Заманды қай жан билемек?»_ – деген өлеңі бар ғой. Шынымен де, замана ешкімнің ырқына көнбейді, тоқтатуға келмейді, өз ағынымен зулап кете барады. Ал адамның өмір сүргісі келеді. Бірдеңе алып қалу үшін еркіне көнуге, жағынуға тура келеді. Былайша айтқанда, күйлейміз. Ал заманада аяу жоқ. Пендені қалауынша илейді. Оған Абайдың көзі жетті де. Бірақ одан Абай ұтты. Заманның осылай екенін, биліктің опасыздығын, екіұштылығын өлеңдерінде жетер жеріне жеткізе жазды.
Өкінішке қарай, осының бәрін талдап, таразылап жүрген зерттеуші жоқтың қасы. Мысалы, Абай ойларының шәкірттері тарапынан жалғасуы қалай? Бұл ретте, Көкбай:
_Заманды түзетпейді ешкім билеп,
Әркімнің екі қолы ішіне имек.
Ғаламға ақыл патша болған күні,
Теп-тегіс адамзатқа есе тимек,_ – дейді. Яғни Көкбай «заманды да түзетуге болады. Ол үшін ақыл үстемдік етуі тиіс. Сол кезде адамның құшағы ашылады, ішке тартқыштық икем жазылады, әділдік орнайды» деген ой айтады. Бұдан Абай ойының шәкірт танымы арқылы басқаша ұғым иеленуін көруге болады.
– Әңгімеңіздің басында «Абайдың ортасын, айналасын жете зерттемейінше, Абайды толық танып-білдік деуге болмайды» деген едіңіз. Осы орайда, Абай ойының, Абай рухының шәкірттері шығармашылығынан көрініс беруін де ескеруіміз керек болғаны ғой?
– Әлбетте. Бірақ біздің абайтанушыларымыз қазір бәрін тындырып тастағандай кейіпте. Шындығын айтқанда, біз қазір Әуезов жеткізген абайтанудың өзін әлі ұғып, игеріп болған жоқпыз. Сөйте отырып, қалай дамытамыз? Ал Әуезовтің Абайды уақыттың ығына қарай түсіндіруге, зерттеуге мәжбүр болғандығын ескерсек, бізге көп нәрсені қайта зерделеуге тура келеді. Мысалы, Әуезов бір еңбектерінде: «Абай жақсы байлар, момын байлар дейді. Ондай байлар болушы ма еді? Олардың бәрі де Абайдың өзі арпалысып жүрген болыс, билер, зорлықшылдар емес пе еді?» – дейді. Бұл жерде, әрине, Мұхаң Абайды сынап, кемшілігін ашып отырған жоқ, таптық құрылысқа әкелу үшін, еріксіз жазып отыр. Шын негізінде, Абайды ұққан бір адам болса, ол Мұхтар Әуезов болуы керек. Ал Әуезовтің өзі болса, «мен ештеңе де біле қойған жоқпын, Абай, Абай, Абай ғана бәрін біледі» деп кеткен...
– Әңгімеңізге рақмет!
Әңгімелескен: Роза РАҚЫМҚЫЗЫ