06 мам, 2024 сағат 18:43

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі тағайындалды


Фото: Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі


"Мемлекет басшысының Жарлығымен Жаслан Хасенұлы Мәдиев Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі лауазымына тағайындалды", - деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі.


Жаслан Мәдиев туралы не белгілі


Жаслан Мәдиев 1983 жылы Алматы қаласында дүниеге келген.


Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін, Колумбия университетін, Массачусетс технологиялық институтын тәмамдаған.


Еңбек жолын 2004 жылы "Альянс Банк" АҚ Халықаралық қатынастар департаментінің Халықаралық қаржы институттарымен жұмыс басқармасының маманы болып бастаған.


2007-2008 жылдары — "Қазына" тұрақты даму қоры" АҚ корпоративтік қаржыландыру департаментінің бас менеджері.


2008 жылы Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Стратегиялық талдау және зерттеулер орталығында, "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қоры" АҚ-да жұмыс істеді.


2009-2010 жылдары — "KAZYNA CAPITAL MANAGEMENT" АҚ басқарма төрағасының орынбасары.


2010-2014 жылдары — "Қазақстанның даму банкі" АҚ басқарушы директоры-мүшесі, басқарма төрағасының орынбасары.


2014-2015 жылдары ҚР Ұлттық банкінің құрылымында басшылық лауазымдарды атқарды.


2017-2018 жылдары — "Қазақстан темір жолы" ұлттық компаниясы" АҚ вице-президентінің міндетін атқарушы, қаржы жөніндегі вице-президенті.


2018 жылы "Қазақстан темір жолы" ұлттық компаниясы" АҚ қаржы жөніндегі басқарма төрағасы болып тағайындалды.


2019-2020 жылдары — Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика вице-министрі.


2020 жылғы қазаннан бастап 2022 жылдың қаңтарына дейін Қазақстан Республикасының Стратегиялық жоспарлау және реформалар жөніндегі агенттігі төрағасының орынбасары қызметін атқарды.