Фото: Ақорда
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Turkistan» газетіне берген сұхбатында салық реформасы мен экономикалық өзгерістердің халықтың әл-ауқатына әсері туралы пікір білдірді, деп хабарлайды Ult.kz.
Президенттің айтуынша, елде талқыланып жатқан Жаңа Салық кодексі жай ғана фискалдық науқан емес, салық жүйесін түбегейлі қайта құруды көздейді. Реформаның басты мақсаты – экономиканың тұрақты өсімін қамтамасыз ету.
– Бұрын қосымша құн салығын 20 пайызға дейін көтеру ұсынылды. Алайда мен Үкіметке оның жоғарғы шегін төрт сатыға төмендету туралы тапсырма бердім. Жаңа Салық кодексінде бақылауға емес, мемлекет, бизнес және азаматтар арасындағы серіктестікке басымдық беріледі, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев экономикалық реформалар кезінде қоғамда алаңдаушылық туындайтынын атап өтті. Оның айтуынша, мұндай кезеңде барлық саяси жауапкершілікті Мемлекет басшысы өз мойнына алуға тиіс.
– Қазақстан үшін басқа жол жоқ. Біз бір орында тұрып қалмай, алға жылжу үшін реформаларды қалайда жүзеге асыруымыз керек, – деді Президент.
Азаматтарға кері әсер етпеу үшін қыс мезгілінде тарифтердің өсуі уақытша әкімшілік тәсілдер арқылы тоқтатылған. Сонымен қатар бюджет қаржысын тиімді пайдалану және қатаң бюджеттік тәртіпті сақтау жөнінде Үкіметке тапсырма берілген. Былтыр Үкімет, Ұлттық банк және салалық агенттіктер бірлесіп, инфляцияны төмендетуге бағытталған үш жылдық бағдарлама қабылдады.
Президент Қазақстан экономикасында «орташа табыстар қақпаны» мәселесі бар екенін ашық айтып, табыстың инфляция салдарынан азаматтардың күнделікті қажеттіліктеріне кетіп жатқанын атап өтті. Сонымен бірге бизнес үшін несие мөлшерлемесінің жоғары болуы мен айналым қаражатының тапшылығы дамуға кедергі келтіріп отырғанын айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев экономиканы құрылымдық жаңғырту арқылы теңсіздікті азайту және тұрақты өсімге қол жеткізу үшін нақты жоспар бар екенін жеткізді.
