09 қыр, 2024 сағат 17:12

Тоқаев премьер-министр Олжас Бектеновті қабылдады

Фото: Akorda.kz

Ақорда мәліметінше, Бектенов кездесуде еліміздің әлеуметтік-экономикалық жағдайы, егін орағы және су тасқынынан зардап шеккен өңірлердегі тұрғын үйлерді қалпына келтіру жұмыстары туралы баяндаған.

Бектеновтің сөзінше, биыл өңдеу өнеркәсібі және құрылыс саласы экономикалық дамудың негізгі факторына айналды.

Сондай-ақ ауыл шаруашылығында да айтарлықтай өсім бар. Еліміздегі негізгі дәнді дақылдар алқабының 4,5 миллион гектарға жуығы немесе 27 пайызы жиналған.

Үкімет басшысының баяндамасына сенсек, орта есеппен бір гектардан 15 центнер өнім алынып отыр. Шамамен 6,6 миллион тонна астық бастырылды. Бұл былтырғы көрсеткіштен 40 пайызға артық.

Мысалы шаруашылықтарға арзандатылған дизель отынын жеткізу кестеге сай жүргізіліп жатыр.

Сонымен қатар Бектенов су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарды баспанамен қамту жөнінде мәлімет берді.

"Бүгінге дейін 7 463 отбасы жаңа қонысқа көшті, 479 баспананың құрылысы аяқталуға жақын. Сонымен қатар 9 171 отбасына жөндеу жұмыстары үшін өтемақы төленді", - деді Бектенов.


Кездесу соңында Мемлекет басшысы жүргізіліп жатқан жұмыстың маңызын атап өтіп, елімізді одан әрі әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан дамытуға қатысты бірқатар тапсырма берді.