Фото: Ақорда
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстандағы православ христиандарды Рождество мерекесімен құттықтады, деп хабарлайды Ult.kz.
Президент құттықтауында Рождество мейрамының адамдардың жүрегіне сенім мен үміт ұялататын, адамзатты сүйіспеншілікке, әділдік пен ізгілікке үндейтін жарқын мереке екенін атап өтті. Сондай-ақ шынайылық, жауапкершілік, мейірімділік пен үйлесімділік сынды мәңгілік рухани құндылықтардың христиан дінімен қатар өзге де дәстүрлі діндерге ортақ екенін жеткізді.
Қасым-Жомарт Тоқаев православ христиандарының елдегі конфессияаралық келісімді нығайтуға, өскелең ұрпақты отаншылдыққа, еңбекқорлыққа тәрбиелеуге және отбасы құндылықтарын дәріптеуге қосып отырған үлесін ерекше атап өтті.
Мемлекет басшысы бірлік, тілектестік және өзара қолдау қағидаттары мемлекеттік саясаттың ажырамас бөлігі екенін айтып, қазақстандықтар әділдік пен өсіп-өркендеу жолында бірлесе алға қадам баса беретінін атап өтті.
Сөз соңында Президент православ азаматтарға және барша халыққа зор денсаулық, мол табыс тілеп, әр шаңыраққа құт-береке тіледі.
