Мектептердегі зорлық-зомбылық - бұл барлық мемлекеттік органдардың жұмысындағы кемшілік екенін мойындау қажет. Бұл туралы Жастар жылын өткізу аясындағы мақсаттарға арналған дөңгелек үстелде Парламент Сенатының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Мектептерде орын алып отырған зорлық-зомбылық жағдайлары - бұл барлық мемлекеттік органдардың жұмысындағы кемшілік екенін мойындау қажет. Бұл мәселеге көз жұмып қарауға болмайды. Осы түйткілдің шығу себептерін анықтап, мектептерді жайлаған қорқыныш пен үрейден түбегейлі құтылу үшін нақты шаралар қолдану керек. Бұл мұғалімдердің, ата-аналар мен жастар ұйымдарының, барлық деңгейдегі әкімдердің және тұтас қоғамның алдындағы маңызды міндетке айналуы тиіс», - деді Қ. Тоқаев.
Осы орайда ол ел мектептеріндегі қорқыту, зорлық-зомбылық, кемсіту жағдайлары қоғамдық резонанс тудырғанын еске салды.
Оның сөзіне қарағанда, бұл проблема барша әлемде кеңінен таралып отыр. ЮНИСЕФ балалар қорының мәліметінше, әлемде 13-15 жастағы әрбір екінші оқушы, бұл шамамен 150 млн бала мектепте қатарластары тарапынан қысым көреді.