12 там, 2025 сағат 16:35

Тоқаев Халықаралық жастар күніне орай форум қатысушыларына үндеу жасады

Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Халықаралық жастар күніне арналған Jastar Fest форумына қатысушыларға құттықтау сөзін жолдады, деп хабарлайды Ult.kz.

Президент өз сөзінде жастардың ел дамуына қосып жатқан үлесін жоғары бағалап, волонтерлік қызметтен бастап спорт пен білім саласындағы жетістіктерін атап өтті. Тоқаевтың айтуынша, еңбекқорлық, білімпаздық, жанашырлық пен жауапкершілік – жас буын бойында болуы тиіс ең маңызды қасиеттер.

Биыл Қазақстанда Жұмысшы мамандықтары жылы өтіп жатқанын еске салған Мемлекет басшысы еңбек адамына деген құрметті арттырудың маңыздылығын айтты. Ол жастардың өзгерістердің алдыңғы шебінде болып, өзін-өзі дамытуға ұмтылуын ерекше атап өтті.

Президент елімізде жастарға білім алу, жұмысқа орналасу, кәсіпкерлікті дамыту, баспана алу және саяси өмірге араласу үшін кең мүмкіндіктер жасалып отырғанын жеткізді. Оның айтуынша, бұл игіліктерден 600 мыңнан астам жас қазақстандық пайдаланып отыр.

«Қазақстан жастары – көзі ашық, көкірегі ояу, ойы ұшқыр, жасампаз азаматтар. Еліміздің жарқын болашағы – өскелең ұрпақтың қолында. Мен сіздерге сенемін», – деді Тоқаев.


Jastar Fest форумы Павлодар қаласында өтіп жатыр.