Фото: Ақорда
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасы ішкі саясатының негізгі қағидаттары, құндылықтары мен бағыттарын бекіту туралы» Жарлыққа қол қойды, деп хабарлайды Ult.kz.
Бұл құжат ішкі саясат саласындағы мемлекеттік органдардың жұмысын жүйелеуге және үйлестіруге бағытталған бірыңғай тұжырымдамалық негіз болып табылады.
Ұлттық құрылтайдың IV отырысында сарапшылар мен қоғам қайраткерлері ішкі саясат саласындағы барлық бағытты біріктіретін тұжырымдамалық құжат әзірлеу қажеттігін ұсынған еді. Президент бұл идеяны қолдап, құжат мемлекеттік құрылымдардың қызметін тиімді үйлестіруге мүмкіндік беретінін атап өтті.
Құжатты Президент Әкімшілігі мен тиісті мемлекеттік органдар Мемлекет басшысының Жолдауларын, сөйлеген сөздерін және 2029 жылға дейінгі ұлттық даму жоспарын негізге ала отырып дайындаған.
Тұжырымдамалық құжатта ел дамуының негізгі қағидаттары айқындалған, олардың қатарында:
– «Заң және тәртіп»,
– «Халық үніне құлақ асатын мемлекет»,
– «Түрлі көзқарас – біртұтас ұлт»,
– «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет»,
– «Адал азамат»,
– «Таза Қазақстан» сияқты бағыттар бар.
Сонымен қатар, Ұлттық құрылтай отырыстарында көтерілген жалпыұлттық құндылықтар тізімі мен ұлттық бірегейлікті айқындайтын нышандар жүйесі енгізілді.
Құжат қоғамдық диалог, этносаралық қатынас, дін, мәдени-гуманитарлық даму, отбасы, жастар және ақпарат саласындағы ішкі саясаттың басым бағыттарын қамтиды.
Жаңа тұжырымдама мемлекеттік органдардың ел ішіндегі саясатты жүзеге асырудағы негізгі бағдарын айқындайды.
