07 қаз, 2025 сағат 17:26

Тоқаев: «Қазақстан «Түркі мемлекеттері ұйымы+» форматын құру идеясын қолдайды»

Фото: Ақорда

Қасым-Жомарт Тоқаев Әзербайжанның Габала қаласында өтіп жатқан Түркі мемлекеттері ұйымының ХІІ саммитінде сөз сөйледі, деп хабарлайды Ult.kz.

Президент, ең алдымен, ерекше қонақжайлық көрсеткені үшін Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиевке ризашылығын білдіріп, бүгінгі жиынның мән-маңызы айрықша, күн тәртібі өзекті екенін айтты. 

Содан кейін Мемлекет басшысы жаһандық қауіпсіздік жүйесі күрделі кезеңді бастан өткеріп жатқанын атап өтіп, қақтығыстар мен шиеленістер, геосаяси текетірестер әлемнің кез келген мемлекетіне әсер ететін қауіпті үрдіске айналғанына тоқталды.

– Осындай алмағайып заманда 30 жылдан астам уақыт шешімін таппаған шиеленіске қатысты Әзербайжан мен Арменияның Бейбітшілік декларациясына қол қойғанын ерекше атап өткім келеді. Бұл тұрақтылық пен экономикалық өрлеуге жол ашатын тарихи мәміле болды. Қазір әлемдегі геосаяси ахуал аса күрделі, сондықтан түркі елдері ортақ мүдде жолында күш жұмылдыруға тиіс. Бүгінде жаһан жұрты бізді зор сын-қатерлерге төтеп бере алатын, беделі мықты, ынтымағы жарасқан мемлекеттер ретінде таниды. Бірқатар ел біздің Ұйымға ерекше қызығушылық танытуда. Бұл ретте Қазақстан ынтымақтастық аясын кеңейтуге бағытталған «Түркі мемлекеттері ұйымы+» форматын құру идеясын қолдайды. Осы бастама біздің Ұйымның халықаралық беделін арттыруға жол ашатыны сөзсіз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.


Президенттің айтуынша, Түркі мемлекеттері аумағында тұрақтылықты, қауіпсіздік пен бейбітшілікті нығайту ісінде Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің рөлі мен әлеуеті ерекше. 

– Кеңесті толыққанды халықаралық ұйымға айналдыру үдерісіне қолдау көрсеткен Әзербайжан тарапына, сондай-ақ барша түркі мемлекеттеріне шынайы ризашылығымды білдіремін. Түркі елдерінің қауіпсіздікті нығайту және сын-қатерлерге, соның ішінде терроризмге қарсы тұру жолындағы мақсат-мүддесі – ортақ, сондықтан осы бағыттағы ықпалдастығымыз табысты жүзеге асуда. Бәріміз жаһандық қауіпсіздікті сақтау жолындағы бастамаларды қолдап келеміз. Бірақ біз мұнымен шектеліп қалмауымыз керек, – деді Мемлекет басшысы. 


Қасым-Жомарт Тоқаев көптеген елдердің шекараға бағынбайтын жаңа қатермен бетпе-бет келіп отырғанын алға тартып, Ұйым аясында Киберқауіпсіздік кеңесін құруды ұсынды. 

– Бұл Кеңес мемлекеттеріміздің іс-қимылын үйлестіріп, күш жұмылдыруға жағдай жасайды. Сонымен қатар цифрлық қауіпсіздік пен технологиялық байланысты бекемдей түседі. Биыл қыркүйекте осы тақырып бойынша Алматыда өткен конференция нәтижелері киберқауіпсіздік саласындағы ықпалдастықты күшейту аса маңызды екенін тағы да растады, – деді Президент. 


Президент экономикалық ынтымақтастықты тұрақтылық пен өсіп-өркендеудің түп негізі ретінде атады.

– Біз 2040 жылға дейінгі Түркі әлемінің даму бағдарын толық іске асыруға баса мән беруіміз қажет. Бүгінгі саммит осы жоспарды нақты шаралармен толықтыруға тиіс. Ұйымға қатысушы әр мемлекеттің өзіне тән артықшылығы және жетістігі бар. Соған қарамастан Ұйым аясында сауда-экономика саласындағы ірі жобаларды жүзеге асыру үшін нақты тетіктер ұсынылған. Соның бірі – Түркі инвестициялық қоры. Осы қаржы ұйымының мүмкіндіктерін барынша пайдалануымыз керек. Биыл Түркістанда елдеріміздің экономика және сауда министрлері бас қосады. Сол кезде Қор қаржыландыратын жобалар тізімін жасаған жөн болар еді. Өнеркәсіп саласындағы ықпалдастық елдеріміздің экономикасын әртараптандыру ісінде маңызды рөл атқарады. Осы орайда, Түркі сауда-өнеркәсіп палатасының әлеуеті зор деп есептейміз. Келесі жылы осы палатаға Қазақстан төраға болады. Бұл бағытта біз нақты жобаларға басымдық беретін Өнеркәсіптік кооперация бағдарламасын қабылдауды ұсынатын боламыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. 


Президент көлік-логистика саласындағы әріптестікті жаңа деңгейге көтеруді басты міндеттің бірі санайды.

– Елдеріміз Шығыс пен Батысты, Оңтүстік пен Солтүстікті жалғайтын тоғыз жолдың торабы – Еуразия төрінде орналасқан. Қазір Қазақстан аумағы арқылы 5 халықаралық теміржол дәлізі өтеді. Жақында біз «Достық – Мойынты» теміржолының екінші желісін іске қостық. Бұл қадам ТрансҚазақстан теміржол дәлізін қарқынды дамытуға ықпал етеді. Жаңа жол жүк тасымалының көлемін 5 есе арттыруға мүмкіндік береді. Бұдан басқа тағы да екі маңызды теміржол салынып жатыр. Осы жобалар аймақтық логистиканы әртараптандыру ісіне тың серпін беретіні анық. Транскаспий халықаралық көлік бағдары Еуразиядағы жол торабының стратегиялық бөлігіне айналды. Соңғы 5 жылда Орта дәліз арқылы тасымалданатын жүк көлемі 6 есе өсті. Жақында Ұйымға мүше мемлекеттердің көлік министрлері Алматыда бас қосты. Тараптар кездесуде осы жол бағдарына қатысты бірқатар келісімге қол жеткізді. Бұл ретте біз түркі мемлекеттерін Орта дәліз бойындағы әуе хабтары, теміржол бекеттері және теңіз порттары инфрақұрылымын жаңғыртуға белсене атсалысуға шақырамыз. Қазір көлік-транзит саласын цифрландыруға қатысты жұмыс қарқынды жүріп жатыр. Осы орайда Жасанды интеллект технологиясын пайдалану тиімді болатыны сөзсіз. Сондықтан беделді сарапшыларды тарта отырып, Ұйым аясында арнайы Цифрлық мониторинг орталығын құру мәселесін талқылауды ұсынамыз, – деді Мемлекет басшысы.