Фото: Ақорда
Мемлекет басшысы Ішкі істер министрі Ержан Сәденовті қабылдады, деп хабарлайды Ult.kz.
Ақордада өткен кездесуде Қасым-Жомарт Тоқаевқа елдегі криминогендік ахуал, құқықтық тәртіпті нығайту және «Заң және тәртіп» қағидатын жүзеге асыру бағытында атқарылған жұмыстар туралы баяндалды.
Министр Ержан Сәденовтің мәліметінше, соңғы 10 айда елдегі жалпы қылмыс саны 5,3 мың дерекке азайған. Қылмысты «ізін суытпай» ашу деңгейі де жақсарған.
Отбасылық-тұрмыстық құқықбұзушылықтармен күрес
– Алдын алу шараларының нәтижесінде тұрмыстық сипаттағы қылмыстар 8 пайызға, оның ішінде адам өліміне әкеліп соғатын жағдайлар 26 пайызға қысқарды.
Іздеудегі адамдарды ұстау және есірткімен күрес
– Іздеуде жүрген 1391 адам ұсталды, оның 138-і шетелде қолға түсті.
– Жедел іс-шаралар барысында 30 тоннадан астам есірткі айналымға түспей, оның 1 тоннадан астамы синтетикалық заттар болған.
– Ұйымдасқан қылмысқа қатысы бар 185 қылмыстық топтың жолы кесілді.
Интернет-алаяқтықпен күрес
– 12 фрод-колл-орталық жойылды, оның жетеуі шетелде жұмыс істеген.
– Шамамен 83 миллион алаяқтық қоңырау мен 4 мың фишингтік сайт бұғатталды.
– 2,3 миллиард теңгенің елден шығарылуына жол берілмеді.
Жол қауіпсіздігі және цифрландыру
– Дрондар көмегімен 6 мыңнан астам, орташа жылдамдықты өлшеу жүйелері арқылы 190 мыңнан астам жол ережесін бұзу фактісі анықталды.
– Жол-көлік оқиғаларындағы өлім-жітім 9,4 пайызға, мас жүргізушілер кінәсінен болған апаттар 24 пайызға азайды.
– Egov mobile және банктер қосымшаларына интеграцияланған «Заң және тәртіп» сервисі іске қосылғалы 32 мыңнан астам өтініш қабылданды.
Кездесу барысында министр экстремизмге қарсы іс-қимыл және көші-қонды бақылау шаралары жөнінде де есеп берді.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қоғамдық қауіпсіздік пен құқықтық тәртіпті одан әрі күшейтуге бағытталған бірқатар нақты тапсырма берді.
