Фото: Ақорда
Астанада өткен Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өркениеттер байланысын дамытуда, сондай-ақ адамдар мен қоғам арасындағы сенімді нығайтуда дінбасылардың рөлі ерекше екенін атап өтті, деп хабарлайды Ult.kz.
Президенттің айтуынша, діни қайраткерлер саясаткерлерді парасаттылыққа, ізгілікке және моральдық жауапкершілікке үндеп, әлемнің құрдымға кетуіне жол бермеуге зор үлес қоса алады.
«Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі, Адамзат бауырластығы туралы құжат, Мекке декларациясы, Бахрейн форумы, Біріккен Араб Әмірліктеріндегі «Ибраһим зәузатының үйі» – осы бастамалардың барлығы тізе қосып әрекет етсе, дін ұйыстырушы күшке айналатынын көрсетеді. Мұндай тәжірибені одан әрі дамытып, кеңінен тарату қажет», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы Қазақстанның дінаралық және мәдениетаралық диалогты нығайтуға қатысты ұстанымымен де бөлісті. Ол халықаралық және өңірлік ұйымдар деңгейінде діни дипломатияның әлеуетін кеңінен пайдалануды ұсынды. Президенттің бастамасы бойынша, «Бейбітшілік қозғалысы» идеясы талқыланбақ. Оның аясында жоғарғы дін қызметкерлері зорлық-зомбылықты тоқтатуға және бітімге келу жолдарын іздеуге саяси реңксіз, бейтарап үндеу жасай алады.
Тоқаев БҰҰ-ның Қазақстан бастамаларына қолдау көрсеткеніне ризашылық білдіріп, Алматыда Орталық Азия мен Ауғанстанға арналған Орнықты даму мақсаттары жөніндегі өңірлік орталық ашу туралы ұсынысты атап өтті. Сондай-ақ АӨСШК, ИЫҰ, ЕҚЫҰ, ШЫҰ, АСЕАН және Араб мемлекеттері лигасы секілді өңірлік құрылымдардың рөлін күшейту маңызды екенін айтты.
Президенттің пікірінше, діни конфессиялар қай заманда да адамдарға қиындықтарды еңсеруге көмектесіп келген.
«Адамзат бүгінде аштық, індет, экологиялық апат және климат өзгерісі секілді сын-қатерлерге тап болып отыр. Қазақстан кедейлікті азайтуға, экологиялық проблемаларды шешуге және гуманитарлық көмек көрсетуге айтарлықтай күш жұмсап келеді. Бұл мәселелерді келесі жылы Астанада өтетін Экология және орнықты даму өңірлік саммитінде талқылауды жоспарлап отырмыз», – деді ол.
Мемлекет басшысы дін қайраткерлерінің гуманитарлық миссияларға атсалысып, еріктілер қозғалысын қолдайтынын, әлеуметтік әлсіз топтарға қамқорлық жасап, климат пен миграция мәселелерін көтеретінін атап өтті.
«Бұл – XXI ғасырда да діннің жасампаз күшке ие екенін дәлелдейді. Оның мүмкіндігін толық пайдалану қажет», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент әлемнің күрделі экологиялық қауіп-қатермен бетпе-бет келгенін, әсіресе Орталық Азия аймағының климат өзгерісін айқын сезініп отырғанын жеткізді. Ол құрғақшылық пен мұздықтардың еруі, тұщы судың азаюы өңір үшін үлкен сын екенін айтты.
«Жер – Жаратушы сыйлаған ортақ үйіміз. Оған қамқорлық таныту – парызымыз. Климаттағы өзгерістер – тек ғылыми немесе экономикалық мәселе емес, адамгершілік құндылықтар үшін сынақ. Сондықтан Съезд аясында климат өзгерістеріне қарсы күрестегі дін көшбасшыларының рөлі туралы бірлескен құжат әзірлеуді ұсынамын. Бұл құжат рухани дәстүрлерге негізделген экологиялық жауапкершіліктің жалпыға ортақ қағидаттарын бекіте алады», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
