Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістан жұртшылығымен кездесуде Жастар туралы сөз қозғады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Ақорданың твиттердегі парақшасына сілтеме жасап.
"Еліміздің жастары мен талантты азаматтары мемлекеттік қызметте ілгерілеу үшін арнайы кадрлық бағдарлама дайындаймыз. Болашағымыз жастардың қолында! Еліміздің ертеңі де – жастар! Біз жастарға жаңа мүмкіндіктер беруіміз керек. Бұл – бизнес ашу, білім алу, жұмысқа орналасу, табыс табу деген сөз. Өз өмірін жақсартуға, мансабы бойынша жоғарылауға арналған әлеуметтік лифттер іс жүзінде жұмыс істеуі керек" делінген Ақорданың твиттердегі парақшасында.
Сондай-ақ, Мемлекет басшысы әкімдерге имидждік іс-шараларды азайту туралы тапсырма берді.
"Мемлекеттік шығыстардың басты міндеті – қарапайым адамдардың мәселелерін шешу. Қазір орталықта және жергілікті жерлерде өткізілетін имидждік іс-шараларды күрт азайту керек. Мен Үкіметке, әкімдерге осындай тапсырма жүктеймін. Ысырапшылыққа мемлекет деңгейінде тосқауыл қоюымыз қажет. Тұрғындарымызға таза ауыз су, баспана, жұмыс орындары, жайлы өмір үшін инфрақұрылым қажет. Міне, біз осы міндеттерді шешетін боламыз. Министрлер мен әкімдердің жұмысын нақты проблемаларды шешу нәтижелері бойынша бағалайтын боламын. Қазақстанның экономикалық және әлеуметтік дамуының маңызды факторлары – дені сау ұлт, денсаулық сақтау саласын дамыту және саламатты өмір салтын қалыптастыру", - деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев.